31.12.2020, 18:42
Қараулар: 444
Жөндеуден өткен жаңа нысан

Жөндеуден өткен жаңа нысан

Жаңа 2021 жыл қарсаңында Шыңғырлау ауданы көлемінде жыл бойына атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беріп, игі істердің қатары көбеюде. Шалғай ауылдарға таза ауыз су жеткізіліп, ұялы байланыс орнатылса, енді міне Шыңғырлау ауылдық мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өтті.
Мәдени ошақтың жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық қаражат бөлінген. 2020 жыл мамыр айында басталған күрделі жөндеу жұмыстарын «Жиенбай» ЖШС-і жүргізді. Заман талабына сай жөнделген мәдениет үйінде өз-өзіне қызмет көрсету бөлімі, караоке алаңы, медиа алаң, еркін алаң, қолөнер мен өнер бөлімі секілді 6 алаңға бөлінген «Комьюнити орталығы», ұлттық мәдени бірлестіктері, халықтық «Шаңырақ» театры және 15 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана ауыл тұрғындарына қызмет етпек.
Жөндеуден өткен ғимараттың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова аудан тұрғындарын заман талабына сай қайта жөндеуден өткен нысанның ашылу салтанатымен және жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Келесі сөз кезегін алған ауданның құрметті азаматы Сабырғали Самиев тамаша рухани орынға, сонымен қатар ауданымызда атқарылып жатырған өзге де игі істерге ауылдастары атынан шынайы алғысын білдірсе, жобаның бас мердігері «Жиенбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Батырғали Иманғалиев шыңғырлаулықтарды мерекемен құттықтады.
Мәдениет үйінің ашылу лентасын ауданның құрметті азаматы Алғали Тасмағамбетов пен аудан әкімі салтанатты түрде қиып, жиналған халық мәдениет үйін аралады. Салтанатты қуаныш ауыл өнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасымен жалғасты. Шара соңында аудан әкімі Ә.Мұханбетжанова ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси дамуына және ұлтаралық келісімді нығайтуға өз үлесін қосып жүрген ұлттық бірлестіктерді облыс әкімі Ғ.Есқалиевтің алғыс хаттарымен марапаттады.