5.03.2021, 12:20
Қараулар: 124
Игі істер жалғасын табуда

Игі істер жалғасын табуда

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы бірнеше партиялық жоба аясында 1 наурыз Алғыс айту күні және халықаралық әйелдер күні мейрамының қарсаңында көп балалы аналарды, тыл ардагерлерін құттықтады.
«Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Светлана Байтенова «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында аудандық Қарттар үйінде қонақта болып қайтты. Қарттарды мерекемен құттықтап, сыйлықтарын табыстады.

Аталмыш жоба аясында «Ақшат» бастауыш партия ұйымының төрайымы Айна Жұмағалиева 8 наурыз мерекесіне орай тыл ардагері Баймұханова Гүлжамал әжемізді құттықтады. Бұл шараға тыл ардагері Гүлжамал әже рахметін айтып, елдің амандығын тіледі.
«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында 1 наурыз партия күні мен алғыс айту күніне байланысты ауыл әкімі, Ақбұлақ БПҰ төрағасы Е.М.Айшуаков көп балалы ана, алтын алқа иегері Ұмсынай Тоқтығалиеваның шаңырағында болып, келе жатқан мейрамымен құттықтады. Ұмсынай анамыз келген қонақтарға алғысын айтып, ақ тілегі мен батасын берді.
Жоғарыда аталған жоба аясында «Ақтау» бастауыш партия ұйымы да арнайы құттықтаулар ұйымдастырды. Тыл ардагері Д.Бисенкулова мен ардагер ұстаз К.Бексейітовтың шаңырақтарында болып, бүгінгі таңдағы партияның жұмыстары мен халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатындағы жоспарларын да алға тартты. . Сонымен қатар ардагерлеріміз еліміздің ертеңі жас ұрпақтың бойына, туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті арттыру, отбасы құндылықтарын сақтау, рухани мұрамызды жаңғырту бағытында өздерінің ақыл кеңестерін айтып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырудағы өз ұсыныстарымен бөлісті.
«Nur Otan» партиясы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай осы сынды бірнеше партиялық жобаларды қолға алған болатын. Солардың бірі — “Бақытты отбасы” партиялық жобасы. Привокзал бастауыш партия ұйымының төрағасы Серікбай Жұмағұлов “Бақытты отбасы” партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған шаңырақта болып, шынайы мерекелік тілегін жеткізді. Серікбай Ермекұлы көктемнің алғашқы мерекелік күнімен құттықтап, отбасының, балалардың жағдайымен танысты. Сонымен қатар бірқатар мәселелерге тоқталып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Дәл осы “Бақытты отбасы” партиялық жобасының ықпалымен “Қызылкөл” бастауыш партия ұйымының төрайымы Ақару Шунаева да көп балалы отбасы Ақжарқын Ермекбаеваны мерекесімен құттықтап, отбасы құндылықтары, балалар тәрбиесі туралы әңгімелесті.
Аталған партиялық жобалар арасында іске қосылған тағы бір жоба — «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі республикалық жоспарға сай 8 – наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудандық мәслихат депутаты Әлібек Талдыбаев аудан тұрғыны Б.Құбаеваны мерекемен құттықтап ,мерекелік қоржын табыстады.
Ардагерлердің, көп балалы аналардың жағдайын сұрап, оларға көңіл бөлуді «Nur Otan» партиясы жыл сайынғы дәстүрге айналдырған болатын. Айта кетерлік жайт, аталған іс-шаралар Қазақстан Республикасынының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған арнайы бағдарлама аясында жалғасын табуда. Шараларды ұйымдастырушылар осындай игі істер әр жыл сайын жалғасын тапса деген арман-ниеттерінің бар екендігін білдірді.
Айбарша Аймырзақызы,
Шыңғырлау ауданы