23.12.2020, 18:35
Қараулар: 234
Кәсіпкерлер партия саясатын қолдайды

Кәсіпкерлер партия саясатын қолдайды

Алдағы жыл елімізде үлкен саяси науқанмен басталғалы тұр, яғни Мәжіліс және әр түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтпек. Осыған орай ауданымызда үгіт-насихат жұмыстары қызған шақ. Жуырда аудандық партияның мүшелері, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар С.Байтенова, А.Камзаева және С.Қазиев орталықта орналасқан «Аружан» кондитерлік цехындағы жұмысшылармен кездесті. Сайлаушылар алдында сөз алған кандидаттар аудандағы кәсіпкерліктің даму жайы, мемлекет тарапыпан көрсетіліп отырған қолдаулар, аз қамтылған отбасы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып жатқан көмектер туралы әңгіме өрбіте отырып, кәсіпкерлердің бүгінгі тыныс-тіршіліктеріне қанықты.
Отбасы бюджетін толықтырып, күнделікті нәпақаларын адал еңбекпен табуға тырысып жүрген жандардың жұмыс орындарына, бүгінгі күнге деген наздары жоқ. Олар еліміз айтып келген індеттен аман-сау құтылып, ауыл-аймақ арасындағы қатынас үзілмей, ұрпағымыз алаңсыз білім алатын күн алыс емес деген үкілі үміт аясында тірлік етіп жатқандарын айтты. Қай кәсіпкер де еліміздегі бейбітшілікке, ауызбірлікке жетелейтін партияға алдағы сайлауда жеңіс тілеп, ал кандидаттарға халық қалаулылары атануларына тілектестік білдірді.
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы