25.07.2021, 12:20
Қараулар: 114
Малдың соқырлығы неден?

Малдың соқырлығы неден?

Ауданымыздың іскер, кәсіпкер тұрғындары мал шаруашылығымен айналысып, соның ішінде ірі қара мал өсіріп, кәсіпке айналдырғалы  қашан. Қиын болса да еңбегіңді еселеп қайтаратын осы саланы дамытқан шаруа қожалықтары да  немесе қорасында бір — екі бас ірі қара бағып, отбасының ас-суына жаратып отырғандардың соңғы кездері саны көбейген. Жеке аула шаруашылығыңды дамытып, мал өнімін пайдаға жаратқан  жақсы, әрине. Тек   соңғы бір-екі жылда  ірі қара ұстайтындардың  мазасын қашырған, тіпті мәселе қылып айта бастаған жағдайлар орын алуда. Нақтырақ айтсақ, «Сиырымның көзі көрмей қалды, бұзауым тамағын жей алмайды» дегенді жиі еститін болдық. Кейбіір аулада қатарынан бес-алты бас малдың жем-шөбін жей алмай, жайылымдағы өрістен қалып, тас қорада қамалып тұру жағдайын да естіп-біліп отырмыз. Сол себепті, мал мамандарымен сөйлесіп, осындай жағдайлардың  себеп-салдарын сұрағанбыз.

Ірі қараның көзі соқыр болуының бір себебі- малдың қауіпті  катаральді  безгегі немесе  Фузариотоксикоз аталатын инфекциялық ауру түріне ұшырауынан болады екен.   Малдың  қауіпті  катаральді  безгегі  (Coryza  gangraenosa borrum) (ҚКБ) ірі қара малдардың өткір инфекциялық ауруы, энзоотия түрінде спора  түзу  арқылы  өтеді екен.  Бастың,  ішектің кілегей  қабықтарының  катаральді-ошақты,  фибриноздынекрозды  қабынуымен,  орталық  жүйке  жүйесі  мен  көздің ауыр зақымдалумен сипатталады.  Аурудың қоздырушысы-фильтрлеуші  вирус. Жұқтыру  көздері- ауру  жануарлар. Вирус тасымалдаушы қойлар, ірі қара малдарды бағатын бақташы да болуы мүмкін.  Қоздырушы  алғашында малдың  қанында пайда болады, кейін  ағзаға  таралып, кілегей  қабықтарға  және  паренхиматозды  ағзаларға орналасады.

Бұл  қанда  вирустың бар  екендігін  дәлелдейді  (аурудың  алғашқы сатыларында қандағы вирусты анықтау оңай).   Вирус кілегей қабықтарға тропизмге ие және патология туғызуға қабілетті. Алғашында  негізі  дәнекер  ұлпалы  тамырлар  жағынан  дамитын  өзгерістер пайда болып, кейін олар  кілегей  қабықтардың  эпителиальді қабаттарына өтеді  және  дегенеративті үрдістермен  сүйемелденеді. Аурудың соңғы  сатыларында генерализделген септикалық  инфекция  көрінісі  байқалады,  ол  кезде  тек бастың,  тыныс жолдарының,  ішек-қарын  жолының,  несеп,  өт  қаптарының,  қынаптың,  терінің кілегей  қабықтары  зақымдалады. Аурудың өте өткір ағымы  кезінде  жануарлар бірінші апталарда  өліп  кетуі де мүмкін.  Ауруға шалдыққан малдың әлсіреуі кезінде тіпті өткір кезеңінде де танау,  қапсардың  айналасында  іріңді-жаралар толады. Көздің торқабаты астында қан құйылу байқалады. Міне, осындай белгілері байқалысымен жедел түрде ветеринарлық дәрігер немесе мал мамандарын шақырып, тез арада тиісті дәрі-дәрмегін алып, ектірген жөн дейді мамандар.

Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының барлық малы дерлік жазғы жайылымда жүр. Көбіне көп тұрғындар мал бақташыларынан малының ауырып тұрғаны туралы хабарды да солардан алуда. Ендеше, осындай жағдай мәлім болған сәтте-ақ ақ адал малыңызды аман алып қалғыңыз келсе ветеринар дәрігердің көмегіне тездетіп жүгінген жөн.

                                                                                               А.МУСА