8.04.2021, 11:53
Қараулар: 51
Меморандумға қол қойды

Меморандумға қол қойды

 Адамзат баласы рухани және мәдени медиа кеңістігін ең алдымен тағылымға толы тарихи құндылықтармен толтыруы қажет.Соның ішінде дініміз бен дәстүріміздің, салтымыз бен ғұрпымыздың бағасын білуі, оны сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттағаны дұрыс. Бұл бағытта біздің ауданымызда түрлі іс-шаралар  жиі ұйымдастырылуда. Соның бірі жақында ауданымызда өткен «Ақтөбе» медресе — колледжінің директоры Әбдүмүтәлі Дәуренбеков және Шыңғырлау аудан әкімінің орынбасары Азамат Бейсенбаев  қатысқан шара. Оған қоғамдағы белсенді ақсақалдар, тәжірибелі мектеп және колледж психологтары,  мектеп ұстаздары мен діни бірлестік өкілдері шақырылды. Семинарда іс-тәжірибелер ортаға салынып, екі жақтың ой пікірлері  тоғысты.

«Семинардың басты мақсаты — еліміздің ішкі саяси тұрақтылығын сақтаудағы және жастардың бойларында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырудағы ұлттық тарих пен дәстүрлі құндылықтардың орны мен рөлін ашып көрсету. Мемлекеттің алдымызға қойған міндеттерінен туындайтын дін саласындағы әркімнің ар-ождан бостандығы және конституциялық құқығын қамтамасыз ету саясаты елдегі ұлттық бірлікке және қоғамдық келісімге бағытталып отыр»,-дейді  шараны ұйымдастырушы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Джоламанова.

Басқосу барысында Шыңғырлау ауданы әкімдігі мен «Ақтөбе» медресе- колледжі арасында мемлекеттік дін саласындағы саясатты тиісті деңгейде жүзеге асыру және діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды алдағы уақытта өзара ынтымақтастықта жүзеге асыру, конфессияаралық қатынастар және өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған  меморандумға қол қойылды.

Шарадан соң ақтөбелік өкілдер аудандық мешітте болып, келген жамағатпен сұхбаттасты. Олармен қасиетті Рамазан айы, мұсылмандық парыз, ораза ұстаудың ережелері туралы әңгімелесті. Сұрақтарына жауап беріп, кеңестерімен бөлісті.

 

                                                                                                      А. МУСА,

Шыңғырлау ауданы