25.03.2021, 18:18
Қараулар: 142
Нұрланның Наурыздағы игілікті ісі

Нұрланның Наурыздағы игілікті ісі

 Қыс құрсауынан жібергісі келмесе де, табиғат ана бусанып, көктемнің келгенін өзіне тән нышандарымен білдіруде. Мамықтай болып бастап жауып, соңы қарлы боранға ұласқан қар бізге ерекше әдемілігімен бірге қарбалас  та әкелгені аян. Қалың жауған қардан үлкен жол бойларында көліктер тұралады. Ал ауыл-аймақтардағы адамдарға ауладан ары қарай шығудың өзі мұң болды. Бұл күндері үй маңында күрегін қолына ұстап қар күрегендердің қарасы көбеюде.

Наурыз тек мейрам ғана емес, ол игілікті істердің де бастамасы. Ел Президенті Қ. Тоқаев айтып өткендей, наурыз айында айналаны абаттандыру, тал-ағаш егіп, экололияның жақсаруына үлес қосу, ата-баба ғұрыптарын ұлықтау сияқты игілікті істермен ғана наурызды айшықтауға болады. Біздің ауданның адамдары да осы игілікті істерден қалысқан емес. Соның бірі Шыңғырлау ауылының тұрғыны-Нұрлан Қуанаев. Жаз бойы үйінің айналасын ғана емес, тіпті өзі тұратын көшені гүлдендіріп отыратын жігіт ағасы наурыз күндерін тағы да игілікті істерге арнады.  Шыңғырлаулықтардың бұл күндері бірі мейрамдауға, бірі үлкендерге көрісуге барса, біреулері мейрам күні аудандық аурханаға да жол тартатыны белгілі. Осы тұста әттеген–ай дегізетін жәйт та бар.  Ауруханаға баратын И.Тайманов қиылысындағы асфальт жолдың үстін қара су басып, автокөліктің өзі ілдебайлап әзер өтіп жүр екен. Ал жаяу жүргіншіге мүлдем жол жоқ. Ана — жер мына жерде қарды омбылап, аяқтарын суға батырып алған, судан өте алмай иірілген адамдарды көріп, көмекке Нұрлан келді. Сөйтсек, жолдың екі бетін қар құрсаулап, қара судың барар жері жоқ, жол үстіне жиналыпты. Көлемі де  тереңдігі де біршама. Адамдарға жаны ашығаннан, әрі  салынғанына көп болмаған асфальтты сақтау мақсатында осы іске барғанын айтқан Нұрлан қарды жарып, мұзды ойып, ағын суға арна жасапты. Көмегіне риза болған жүргіншілер айналып келіп, алғысын жаудырып жүр.

Міне, наурызда осындай игі істер жасалатын күн! Елін сүйген, жерін сүйген ер азаматтарға үлгі боларлық іс. Көшесін көркейтіп,  жанындағы жандарына әркез жанашырлық танытып жүрген ауылдасымыз Нұрлан осындай!

А.АМАНГЕЛДІ,

Шыңғырлау ауданы