18.03.2021, 16:27
Қараулар: 184
Сырымнан сәйгүлік сүрінбей қайтты

Сырымнан сәйгүлік сүрінбей қайтты

Шуақ атса қыр таңы,

Наурыздың әні шырқары.

Бұл қазақ бәйге шабады,

Қиқуға бөлеп қырқаны.

Боз жусанға төсеп боз кілем,

Атан жілік балуандар,

Бір-бірін алып жыққанда,

Бұрқ ете түсер қыр шаңы.

Ұлыс күн ұлы той қылып,

Тойлайды қазақ ұрпағы!

Иә, әлімсақтан бергі үрдісіміз солай. Жаны қазақтың қаны тулап, Наурызды Ұлысты ұлы күні деп мереке танитыны тарихтан белгілі. Осы дәстүріміз өзімізге Тәуелсіздігімізбен бірге қайта оралып, тойлап келеміз. Қазақияның батыс өңірі түгел тойлайтын «Амал мерекесі» де Наурыз біткенше жалғаса түсері сөзсіз.  Жуырда 14-наурыз, Көрісу күніне  орай және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында  көршілес жатқан Сырым ауданында ат жарысынан аудан біріншілігі өткен болатын. Сол біріншілікке ауылымыздың намысын қорғауға таңмен таласып екі сәйгүлік аттанып еді. Бірі Талғат Данияровтың баптаған тайы болса, екіншісі Сағындық Қалниязовтың үміт артып отырған  жүйрігі «Бақторы» болатын.

«Бәйге басталыпты» деген хабарды естіп алған ауыл жұрты Сырымнан хабар келіп қалар деп телефонға телмірді. «Бәйгіге таза қанды бәйгі аттары да қосылады» деген алыпқашпа әңгімелерді де естіп, ел болып «ең құрығанда үздік үштікке іліксе екен» деп дәметтік. «Алыстағы ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дегендей, ауыл жұрты тақымын қысып, тұлпар тұяғына сыйынып, шабандозға олжа тіледі. Көп ұзамай ақжолтай хабар да жетті. Ауыздықпен алысқан кіл мықты тұлпарлар қатысқан топ бәйгеде (6 айналымдық) ауылдас  Сағындық ағамыздың «Бақторы» есімді сәйгүлігінің бақ пен бабы тең түсіп, 6 айналым бойы бәйгенің басын бермей, оқ бойы оза шауып, бас бәйгені иеленіпті. Көп тілегінің құдіреті ат тұяғына жел берді ме, ауылды мәре-сәре еткен жақсы жаңалық жаңа жылымыздың сәтті бастамасы іспетті болып тұр. Құтты болсын! Айта кететін бір жайт, бұл «Бақторы» сәйгүлігіміз ауылымыздың ғана емес, күллі Шыңғырлау ауданынының намысын қорғап шықты! (Шыңғырлау ауданы бойынша тек Сегізсайдың екі тұлпары қатысыпты).

Осы жерде сәйгүліктерді баптауға ауылымызға сонау Жамбыл облысының Қордай ауданынан келген, Қазақстанға да аты кеңінен танымал бола бастаған Алмас есімді атбегінің де сіңірген еңбегі ұщан-теңіз екендігін де айта кеткеніміз жөн.

Сонымен, ұлыстың ұлы күні қарсаңында атты жеті қазынаның біріне балаған, ердің пырағы санаған төрт түліктің бірі ауданымздың мәртебесін асырды.

Әлбетте, халқымыздың жаңа жылы елімізге осындай сүйінішті жаңалықтармен басталып жатса, артының қайырлы боларына сенеміз.

Әли Сүйіндіков,

Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті