24.07.2021, 12:18
Қараулар: 95
Тыным таппайтын жан

Тыным таппайтын жан

Ақшат ауылының тұрғыны Жасұлан Өмірғалиевты  көпшілігі  Шыңғырлау және облыс көлеміне танымал ұстаздар династиясының өкілі ретінде жақсы таниды. Ұлағатты ұстаз болған әкесі Уалиман Өмірғалиевтан кезінде талай шыңғырлаулық дәріс алып, біліммен сусындаған. Оның қайнар бұлақтай мол білімімен қоса адамгершілігі және қарапайымдылығы ерекше болатын. Әкесі Уалиманның барлық жақсы қасиеттерін бойына жиған Жасұлан  да әке  жолын қуып, ұстаздықты қалап алған.  Ұстаздық етумен қатар, өзіне ұнаған іспен айналысуы Жасұланның жан-жақтылығын көрсетеді.

Жасұлан жастайынан үнемі ізденіс үстінде жүреді екен. Көбірек білсем деген қызығушылық оның жеке ауласындағы шаруасын ширатып,  табыс  табуға  сеп болған.  Бала кезінен кітапқа жаны құмар азаматтың өзіндік бір «хоббилары» жетерлік. Онысы өзіне жан рахатын табумен қатар, отбасының бюджетін де толықтырып отыруға деген ұмтылысы. Сонымен қатар, отбасындағыларға, немерелерге  таза табиғи өнімді тұтындыруға, ас мәзірін түрлі дәрумендермен толықтыруға үлкен мүмкіндік жасап отырған жәйі бар.  Сөзімізге дәлел, оның  ауласына кіре қалсаңыз  сан алуан  небір шөптермен бірге кәдімгі өзіміз егетін шөп-шаламның  басқаша сорттарын байқаған болар едіңіз. Ботаниканы жақсы меңгерген бағбан іспетті ол жеміс ағаштарының, көкөністің де небір түрін таңдап әкеліп өсірген. Таң атқаннан кеш батқанша тыным көрмейтін жігіт ағасы ауладағы бау-бақшасын жайнатып, оның өнімін жинайтын кезде келер жылдың шаруасын жоспарлап, тұқымдық дәнді өзі әзірлей бастайды. Үлкен бақша алаңында су тартқыш, жер қопарғыш агрегаттары көзге түседі. Ауылдағы жеке аула шаруашылығын дамытушыға бұның бәрі қажетті және үлкен көмекші. Сонымен бірге  су үнемдеу мәселесі де бұл отбасында өте маңызды. Суды ысырап қылуды құптамайды. Тіпті үлкен бау-бақшаны  тамшылатып суару әдісімен суғарып отырған  жағдайы бар.  «Биылғы жаздың ыстық аптабы шыдас берер емес. Шөп те, ағаш та күн қызуынан қурап сала береді. Ал бұл бақшадағы балғын жапырақтар үшін, әрине, мүлдем қиын. Сол себепті бақша  суарудың осы әдісін пайдаланудамын», -дейді  ол.

Пайдалы ермегінің бірі — тауықтар. Мал қораның жартысын осы  асыл тұқымды құстарына арнап, бөліп, бірнеше жыл бойы  әр түрлі тұқымды үй құсының түрлерін өсірумен айналысып келеді. Тауықтың жұмыртқасы үшін емес, осы құстарға  деген қызығушылықтың негізінде асырап отырғандығын білдік. Бұл үйде тауықтың небір түрлері өсірілуде. Аяқтарына пима кигендей Брама тауықтары жүр. Ал көздері моншақтай, өздері қап-қара түндей Маран, күлгін түсті  Маран, «Кучинский-юбилейный», қара Австролорп, Хайсекс браун, Декал Уайт, бройлер Харбард түрлері  қора толтырмаса да ерекшеліктерімен көз сүйсіндіреді. Жасұлан оларды сорттардың тиімділігі үшін асырап отырғандығын тілге тиек етеді. Сондай ақ, бұл үйдің қаздары да жәй қаз емес, тұқымдары әр түрлі.  Ірі қоңыр қаздан бастап, Кубан, Линда атауын иеленген қаз түрлері ауланың сәнін келтіріп жүр. Кәдімгі үй қаздарына қарағанда біршама салмақ жинайтын ірі қаздар  күз келе  дастарханның сәні болары сөзсіз. Индаутка үйректерін олардың жемге шығыны жоқтығынан, әрі күні бойы улап-шуламайтын «үндемес мінездері» болғандықтан ұстайтынын айтады. Қос қанаттарын сәнмен жайып күрке тауықтарда осы аулада балапандарымен  жайылуда.

Жасұлан ағаның тек қана ботаник емес екендігін де айтқан жөн. Шеберханасына бас сұғып, қолдан жасаған инкубатор құрылғыларын көргенде тағы таңдандық. Биіктігі адам бойындай, істен шыққан үлкен мұздатқыштан  балапан бастыратын  инкубатор жасаған. Тіпті көктем айында  біршама  балапанды осы құрылғы арқылы шығарып,   құс басын көбейтіпті.

Міне, ауылда тұрып қана қоймай ізденіспен отбасы берекетін келтірсем деген азаматтың тірлігі осындай.  Аулаңда қанша құс ұстасаң да, не ексең де өз еркің , оның барлық тиімді жақтарын өзіңе жұмыс істете білсең , еңбегіңнің еш кетпегені осы болмақ.

Жасұланның зайыбы да көп жылғы еңбек өтілі бар ұстаз. «Ауылда тұрып, айлықпен күн көру деген ұғым жоқ бізде. Ауылдастармыздың барлығы да  құс асырап, төрт түлік мал ұстап, отбасының  бюджетін толықтырып отырады. Ауыл осынысымен қызықты»,-дейді Өмірғалиевтер .

                                                                                                                                                                А.АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ