31.03.2021, 16:13
Қараулар: 126
Шыңғырлауда ірі қара 16,5 пайызға өсім берді

Шыңғырлауда ірі қара 16,5 пайызға өсім берді

Ауданымыздағы мал шаруашылығы мәліметтерін қорыта келе бұған дейін алыс-жақын шетелден әкелінген абердин-ангус, герефорд сияқты етті ірі қара малының өсу жағдайы бір қалыптылығын байқадық. Жергілікті мал тұқымымен салыстырғанда олар қарқынды өсуімен ерекшеленіп, жоғары көрсеткіштерімен қуантады екен. Айта кету жөн, мал шаруашылығында, ежелден, малдың тұқымдылық және өнімділік сапасын жетілдіру жолдары үнемі қарастырылып отырылады. Сондай-ақ, кешенді селекциялық әдістермен асылдандыру жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру қажеттілігі де туындайды. Десек те мал өнімін жақсарту мақсатында әкелінген асыл тұқымды малдың шұрайлы Шыңғырлау өңірін жерсініп, көбейгенінің куәсі болудамыз. Оған негіз-ауданымызда ірі қара мал саны 2020 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 30415-ті құраған. Ал осы үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында 35419. Демек, мал басы бір жылдың ішінде 16,5 пайызға өсім берген.Тіпті, пандемияның салқыны тимеген сала тек қана мал шаруашылығы десек артық айтқандық емес. Себебі қай-қай жерде де аталмыш сала даму үрдісімен ерекшеленуде. Соның бірі біздің аудан. Ата кәсіпті нәсіп еткен шаруаларымыз мал тұқымын асылдандыра отырып көбейту, өнімін алуды тиімді іске асырып келеді. Мысалыға айтар болсақ, 2020 жылы мал асылдандыру, өз төлінен көбейтуді жақсы жолға қойған шаруашылықтар жетерлік. Солардың қатарында «Басурманов» ШҚ (Миржан Басурманов) 200 аналық сиырын басқа ауданнан әкеліп, оны көбейтуді қолға алды. Ал «Асқар» ШҚ (жетекшісі Асхат Зұлқашев) – 100 бас аналық, «Ақсуат ШҚ-нан сатып алып көбейтуді мақсат қылған. «Жайдар» ШҚ (Лесов Нұржан) 100 бас аналық, герефорд тұқымын Ресейден әкелсе, Қарағаш жеріндегі «Ақсуат» ШҚ Омарғали Алмағамбетов 155 бас қазақтың ақ бас тұқымын көрші аудандардан сатып алып, төлін өргізіп отыр.«Бауырым» қожалығының жетекшісі Әділбек Алмағамбетов-501, «Бек» ШҚ (Жұмағали Алмағамбетов)-50 бас қазақтың ақ бас тұқымын облысымыздың басқа ауданынан сатып алды.

Сондай-ақ, Серік Алмағамбетов басқаратын «Оразалы» шаруа қожалығы 28 асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырларын алып, ата кәсіптің шырайын келтіруде.

«Шыңғырлау ауданы мал шаруашылығына өте қолайлы, табиғаты да ауа райы да ірі қараның өсіп-өнуіне үлкен мүмкіндік береді. Жұмыс орнының тапшылығы бар ауылдарда отырған ағайынның, жұмыс қылып, аталмыш салада кәсібін өрбітуге үлкен сеп болуда. Оның үстіне шаруаның әрбір сатып алынған асыл тұқымды малы мемлекет тарапынан субсидияландырылады. Бұл, әрине, үлкен қолдау. Тіпті пандемия кезеңі де  олардың мал шаруашылығын дамытуға еш кедергі бола алмады. Нәтижесінде, өткен жылы әкелінген 1134 ірі қараның тең жартысы төл беріп,  айтарлықтай еселенуде. Ал биыл, жыл басынан бері тағы да 90 бас ірі қара сатып алынды. Бәйтерек ауданынан Оразбай Усманғалиевтың «Усмангалиев У.К.» қожалығына-50 бас аналық мал кірген болса (суретте), Сырым ауданынан «Болашақ» ШҚ (жетекшісі Ғалым Бисқалиев) 40 бас аналық герефорд тұқымын сатып алды. Өкініштісі сол, бізде мал селекциясымен жұмыстанатын маман жоқтың қасы, дейтұрғанымен, шаруа жандар осы кәсіпке бейімделе келе, асылдандыру жұмысын өз қолдарына алған. Себебі, малдың тұқымына қарай одан өндірілген өнім сапалы әрі мол болмақ. Шаруаның қыр-сырын білетін, тәжірибелі, өз істерін жетік меңгерген шыңғырлаулықтар осыны жақсы түсінеді. Соңғы жылдары мал басы, соның ішінде ірі қара саны айтарлықтай көбейді. Өнімін өндіру пайызы да өте жоғары»,-дейді Шыңғырлау аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орыынбасары Рүстем Еслямов.

Ауданымызда мал басын асылдандыру жұмысы әлі де жалғасын таппақ, әрі жақсы өсім де бермек. Тағы бірнеше шаруашылық мал асылдандыруға ниет етіп, құжаттандыру ісімен айналысуда. Себебі-бұл үлкен табыс көзін әкелетін бизнес екенін  жақсы біледі.

                                                                                                 Айсұлу МУСА,

Шыңғырлау ауданы