15.06.2021, 17:34
Қараулар: 38
Шыңғырлауда үш қабатты үй салынбақ

Шыңғырлауда үш қабатты үй салынбақ

Аудан орталығында 45 пәтерлі 3 қабатты көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды.

Шыңғырлау аудандық аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ресми мәліметіне сүйенсек, ауданда үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны 202-ге жеткен.  Жалпы соңғы рет осыдан 4 жыл бұрын аудан орталығында 30, ауылдық округтерде 6 баспана бой көтеруіне байланысты бірқатар пәтерге мұқтаж азаматтар мен бюджет саласының мамандары жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. Әйтсе де, тағы да халықтың сұранысын жүзеге асыру мақсатында «Нұрлы жер»  бағдарламасы аясында ұлттық қордан 427 104 896,4 теңге қаражат бөлініп, ағымдағы жылдың 22 сәуір үш қабатты көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Онда негізінен әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қоныстанбақ.

Заман талабына сай үлгіде бой көтеретін үйдің құрылысын тендер қорытындысына сәйкес  мердігер «АқсайСтройСервис және К» ЖШС-гі жүргізеді. 3 893 шаршы метрді құрайтын  үш қабатты үйінің жұмыстары 9 ай мерзім ішінде жоспарға сай жүзеге аспақ. Мердігері «АқсайСтройСервис және К» ЖШС учаскі бөлімінің басшысы Орынбасар Кушев «Жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Барлық техникаларымыз бен құрал-саймандарымыз дайын және заман талабына сай. Атап айтқанда, кран, камаз, каток, бетонараластырушы, т.б. түрлі 10 шақты техника жұмыс жасайды. Жұмысшылар да жеткілікті, дегенмен жұмыстың көлеміне қарай әр кезеңде Шыңғырлау ауылының 15-тен 40-қа жуық тұрғынын жұмыспен қамтып отырамыз» дейді.  Мердігерлердің мәлімдеуінше, жаңа 3 қабатты ғимараттың құрылысына тек отандық өнімдегі материалдар пайдалануда.

Жаңадан бой көтеретін 45 пәтерлі үй заман талабына сай құралдарымен жабдықталып, түгелдей дерлік тұрмыстың жеңілдетуіне жол бермек.  Атап айтқанда, пәтер ішіндегі заманауи жөндеулерді айтпағанда, ауласында балалар алаңы, үлкендерге арналған демалыс орны, көлік қоятын арнайы орын да болумен қатар, үйдің айналасы түгелдей гүлзарлармен абаттандырылмақ.

Құрылысшыларға жұмысшыларға іске сәт дей келе, сапаға аса мән беруді ұмыспаса деймін. Жоспарлы іс ойдағыдай жүзеге асып, ауылдастарымыздың қоныс тойын тойлайтын күннің куәсі болайық!

Аман ІЗМҰХАН,

Шыңғырлау ауданы