5.08.2021, 17:23
Қараулар: 149
Шыңғырлау мақсарысы экспортқа шықпақ

Шыңғырлау мақсарысы экспортқа шықпақ

 Сафлор (мақсары) өнімі ауыл шаруашылық саласында майлы дәнді дақылдар санатына жатады. Мақсарыға бұрын-соңды біздің жерде еш қызығушылық болмаған. Мақсары өсіруге, негізінен оңтүстік өңірдің диқаншылары әбден машықтанған және оны тым-тәуір пайда көзіне айналдырған. Соңғы жылдары оңтүстік әріптестерінен көріп, шыңғырлаулық шаруалар да осы мақсары тұқымын өсіруге үлкен қызығушылық танытуда. Ауыл шаруашылық мамандардың айтуынша көп күтімді қажет етпейтін, ыстыққа төзімді, тез өсіп, тез пісетін өнім екен. Өзге «туыстастарына» қарағанда бұл өсімдіктің өзін-өзі  қорғай алатын қасиеті тағы бар. Әдемі өсімдікті қолға ұстау немесе жәй сындыра салу тіптен мүмкін емес екен. Себебі, ол  қылқанақты өсімдік. Ерекшелігі сол, оның дақылына дейін қамқоршы–мақсары дән салған кезде тікенегі қатаяды. Адам түгілі, тікені тұмсығына батқан мал мақсарыны амалсыздан айналып өтеді. Осы бір ерекшелігін  білгендіктен, диқаншылар оны көбіне бидай алқабына мал түсіп кетпесін деген мақсатпен  егінді қоршап, айнала егіп тастайды екен. Сөйтіп, қарапайым мақсары адамзаттың негізгі азығы — қасиетті бидай дақылын мал тұяғынан қорғаушыға  айналады. Енді бұл әдісті біздің диқандарда қолға алмақ.

Сөзімізге негіз, биыл Ащысай ауылдық округінде аталмыш майлы дақыл егілді, енді көп ұзатпай өнімін де беретін түрі бар. «Амангелді АГРО» ЖШС осы көктемде тың танапқа 800 гектар мақсары сепкен. Шаруашылық жетекшісі Әділжан Нұрманов мамандармен ақылдаса отырып, мақсарының «Ершов-4» сұрпын сатып алған. «Көктемгі және жазғы жаңбыр суына қаныққан егістікте қазіргі таңда мақсары тұқымы біркелкі өсіп тұр. Алқаптың 70-80 пайызынан мол өнім түседі деп жоспарлап отырмыз. Егер шашау шығармай жиып алсақ, экспортқа шығару да ойда бар. Себебі, өнімді шикізат ретінде қабылдап, оны өңдеуші бізде жоқтың қасы. Демек шетелге шығару қажеттілігі туындайды деген сөз. Уақыт өте келе, мүмкін біздің жерде де сұранысқа ие болар деген ойдамыз»,-дейді  шаруашылық иесі.

Пісер уақыты әлі алда деп топшылағанымен де, қолға ұстап қараған жан оның дәні толысып, піскендігін көреді. «Мақсары (сафлор) дәнінен май, гүлінен бояу алынуымен қатар түрлі косметикалық майлар жасалынады. Парфюмерия саласында косметикалық өнімдер дайындау үшін қоспа ретінде пайдаланады. Елімізде өсірілген өнімнің 90 пайызға жуығы шетел асып, тіпті Кытай еліне экспортталып келген. Алғашында тек сығылған майын әкетіп жүрген қытайлықтар, соңғы жылдары «күнжара» деп малға беруге қалдығын да алып кететін болған. Білетіндердің айтуынша мақсары майы кәдімгі күнбағыс майындай тағамға да пайдалануға жатады. Әйтсе де күнбағыс пен қыша майына үйренген тұтынушы мақсары майына әлі де тосырқай қарайды. Мүмкін, өнімді қолданысқа енгізу үшін өркениеттік дамудың өресін жарнамаға телмірткен заманда мақсарыны да жарнамалау қажет шығар»,-дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Нұрлан Садықов.

Агрономның айтуынша, мақсары – ең арзанға түсетін дақыл. Құрғақшылықта да өсіп-өнеді. Шөлге өте төзімді дақылдың тұқымы пісіп-жетілгенде де жерге төгілмей, өзін орып алуын күтіп тұратын қасиеті тағы бар. Шығынсыз деуге де болмас. Екі-үш жылда орнын ауыстырып егудің қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Өнімді мол алу үшін тыңайтқыш та керек. Комбайнмен оратын болғандықтан жинау да арзанға түседі. Әр гектарынан 7-ден 20 центнерге дейін өнім алуға болады. Тыңайтқыштар қолданған күнде де басқа дақылдарға қарағанда шығынын еселеп қайтарады, өнімді, әрі өте тиімді дақыл.

Демек, бүгіндері күнбағыс майы тағамға тұтынушылар үшін қымбаттығымен ерекшеленіп отырса, неге осы мақсарыны егіп, пайдаға жаратпасқа деген ой туады…

Айсұлу АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,

Шыңғырлау ауданы