20.01.2021, 12:18
Қараулар: 281
Шыңғырлау «қызыл» аймаққа енді

Шыңғырлау «қызыл» аймаққа енді

Облыс көлемінде бес аудан, яғни Бәйтерек, Ақжайық, Жәнібек, Тасқада және Шыңғырлау аудандары «қызыл» аймаққа енді.  Сондықтан, ауданымызда карантин шаралары қайта күшейтілді.  Осы орайда, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова коронавирус ауруының алдын алуға арналған жедел отырысын өткізіп, дерттің одан әрі белең алдырмауы бойынша тиісті сала өкілдеріне тапсырма берді.

Шыңғырлау ауданы көлемінде тек қаңтар айында 34 жағдай тіркелген. Оның басым көпшілігі аудан орталығында болса, енді Алмаз, Ащысай ауылының тұрғындарынан да  коронавирус вирусы анықталған.

Штаб отырысында аудандық санитарлық-эпидемилогиялық бақылау басқармасының басшысы Е.Сабиров «Ауданымызда «COVID-19» вирусын жұқтырғандар саны күннен күнге көбеюде. Мәселен 5 қаңтар – 20 қаңтар аралығында жұқпалы ауды жұқтырғандардың саны 34-ке жетті. Оның 19 науқасы коронавирус дертінің симптомды түрімен ауырса, 19 адамда еш белгісі жоқ, яғни симптомсыз тасымалдау фактілері анықталған. Сондықтан аудан көлемінде карантин шараларын күшейту мақсатында жаңа қаулы жарияланып, мектептер мен аурухана карантинге жабылды. Л.Қылышев атындағы Шилі және Алмаз, Ащысай мектептеріндегі кей сыныптар қашықтан оқытуға жіберіледі», — дейді. Е.Сабировтың хабарлауынша, әлемде пандемия басталғалы бері Шыңғырлау ауданы бойынша 239 адам жұқпалы дертті жұқтырған. 77 тұлғаға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңына сәйкес өңірімізде карантин шараларын бұзғаны үшін айыппұл салынған.

Отырыс соңында аудан әкімі Әлия Биғазықызы коронавирус ауруының алдын алуға арналған сақтық шараларды одан әрі күшейтуді, адамдар көп шоғырланатын орындарда санитарлық талаптардың дұрыс орындалуын қадағалауды және әр мекеме, бөлім басшыларына өз қызметкерлері арасында қауіпсіздік  шараларын күшейтуді жете тапсырды. Атап айтқанда, сауда-саттық орындарында санитарлық талаптарды күшейтуға, адамдарды тасымалдаушы такси иелеріне сақтық шараларды ескеруді және мобильдік жұмыс тобының жұмысын жандандыруды, түн мезгілінде көшеде жүрмеуді және тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақыру мақсатында түрлі ақпарат көздеріне басты қағидаларды жазуға тапсырма берді. Дегенмен, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында COVID-19 жұқпасынан қалай сақтану жолдары сан мәрте жазылса да, сақтық шараларын сақтауды ескермей, салғырттық танытуына орай статистикада өсім байқалады. Сондықтан, сақтық шараларын күшейтіп, мүмкіндігіміз келгенше ешқайда шықпауға, адамдар көп шоғырланатын орындарға бармауға, өзімізді өзіміз күтуге тырысайық! Себебі сақтық шаралары орындалмаса, барлығымызға бірдей қауіп төнеді.

 

 

 

Аман ІЗМҰХАН