29.06.2021, 19:10
Қараулар: 42
Шөп бағасы қымбаттамайды

Шөп бағасы қымбаттамайды

Сөйтіп, қорадағы малдың жайын ойлайтын, жаз бойы ірі азығын жиюдың қамын жасайтын тұрғындар биылғы науқанда шөп бағасы қандай деп қамыққаны рас. Шөп шауып, оны қымбаттырақ сатуды ойлайтындары да, қолында техникасы жоқ, бірақ төрт түлік малға тиімдірек бағамен азық сатып алуды мақсат еткендер де маза жоқ.
Ал, табиғат берейін десе молынан береді емес пе, биыл жаңбырын аямады. Есесіне балғын шөп сай мен қырда жайқала өсіп, уақытылы орақ салғандарға өнімін молынан беруде. Ал, алғашқы орақты бастағандар оны тез арада сатудың да амал-шарғыларын жасап әлеуметтік желілерге өз хабарламаларын жібере бастады.
Сөзімізге дәлел болсын, ең бірінші шыққан хабарландыру: «Шөп сатамын. Рулоны 6000 теңге» болды. Әрине, еңбек етсең, оның жемісін көру парыз. Десек те, бұл хабар қарапайым халықтың ашуын тудырды. Себебі аудан көлеміндегі шабындықтарда шөп жеткілікті, қуаңшылық жоқ. Алғашқы орымында-ақ шөп бағасы қымбатпен кетсе, ертең шөп азайғанда 10 мыңға жетпесіне кім кепіл деген уайым болды. Саралап қарасақ, елімізде әр нәрсеге де баға қымбаттады дегенді желеу етіп, себепсіз баға көтеріп, желдей желпінгендер көбейетін түрі бар. Әйтсе де, алып-сатарға да, бағаны аспандататындарға да заң шеңберінде тоқтам бар екендігін ескерген жөн. Ал негізсіз қауесет таратушыларға, қарапайым халықтың емес, қалтасын қалыңдатуды ойлайтын және бағаны асыра сілтеп, аспандатам деушілерге де амал бар.
Сондықтан да шөп бағасының қымбаттамауын, науқанның барысын аудан әкімі Әлия Биғазықызы да қадағалап отыр. Мәселені үнемі назарда ұстап, жергілікті жерлерде ауыл халқының жағдайына орай жұмыстану үшін ауылдық округ әкімдеріне талап қойды.
Біз де өз тарапымыздан бірнеше ауылдық округ әкімдерімен хабарласып, жағдайдың мән-жайын білуге талпындық. Әзірге ауыл халқы шөп бағасына көңілдері толады. Аудан орталығынан тыс округтерде шөптің әр рулоны 3000 теңге аралығында. Тіпті үйге тегін әкеліп беріп жатқандары да бар екен. Ауыл шаруашылық мамандарының айтуынша, биылғы шөп шығымы көңіл қуантарлық — әр гектарына 3,8 центнерден өнім беруде. Тек мына ми қайнатқан аптап ыстық тез қуратып жібермей тұрып, ыждағаттылықпен жинау қажет. Қиындықтар да жоқ емес, ауылдағы жеке адамдардың техникаларының көбі ескі, жүргенінен тұрғаны көп, ал шаруа қожалықтарының лизингке, несиеге алған техникалары сай-саланы тегістей шауып, қарқын алуда. Науқан аяқтала келе ауыл адамдарының ішінде жағдайы төмен отбасыларының да шөбін шабуға жұмылдыру қамы қарастырылуда екен.
«Ауылдың аты-ауыл ғой, бір-біріне қарасып отыру — парыз. Науқан алдында шаруа қожалық жетекшілерімен кездесіп, баға жөнінде ақылдастық,» — дейді Ақшат ауылдық округінің әкімі Ерлан Мәлікұлы. Науқанға кіріскен қожалық жетекшілері Мади Садықов, Мұрат Мұканов және Жауынбай Байқатов шөп бағасының әр рулонын 3000 теңгеден асырмау керектігін мақұлдапты.
Айта кеткен дұрыс, қазіргі таңда техника бөлшегі қымбат, әрі жану-жағар майы бар, орталық ауылдардан алыс болғандықтан оны жанармай бекетінен тасудың өзі біраз шығын, оған тағы салықты қосыңыз. Әйтсе де қол жетімді бағамен берсе, шөптің сатылымы да жақсы болмақ, оның үстіне бұл қолында техникасы жоқ ауылдастарының қамын ойлағандық екен.
«Қолдан келгенше оның бағасын халықтың жағдайына қарап белгілеп отырмыз. Орақшылармен жеке-жеке сөйлесіп, бағаны өсірмеуін қадағалаудамыз. Ал кереғар жағдай орын алған уақытта шөпті сатылымға шығарушының құжаттарын, орылған шөптің қандай учаскеден шабылғанын, қандай шаруашылық екендігін анықтап, салық төлемін нақтылап, бір жағынан тәртіпке шақырып отырамыз,-дейді Ақтау, Алмаз және ауылдық округтерінің әкімдері. Мінекей, сондықтан да түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде әзірге шөп бағасы ауылдық жерлерде 3000 теңге.
Бұған кереғар көрініс-жыл сайын шөп бағасы шарықтап шыға келетін Шыңғырлау орталығында шөп 4000 және 5000 теңге аралығында сатылмақ. Осы мәселені үнемі назарда ұстап, шөп сататындармен түсінік жұмысын жүргізіп келген аталған округтің әкімі Әділ Қаражанов және әкімдіктің мамандары қалай да шөп бағасы халықтың қалтасы көтеретіндей болуын үнемі қадағалауда.
Шөбі шүйгін Шыңғырлау ауданы бойынша шабындық көлемі 40383 гектарды құрайды. Оның басым бөлігі ауылдық округтерде орналасқан. Биылғы науқанда Алмаз Ақбұлақ аумағында шөп шығымы айтарлықтай, басқа округтерде еңбектенген шаруаға шөп молынан жиылмақ. Тек жұмысты дұрыс, әрі тез ұйымдастыра білгеннің арқасында мал азығын жеткілікті етіп жиып алуға негіз бар. Оған қоса 460075 гектар мал жайлымына бөлінген алқаптарды есептесек, шөптен ташылық болмайтынын білген жөн.
«Ауданымыздағы шабындық көлемін және биылғы шөп шығымын ескерсек биылғы шөптің бағасын өсіруге еш негіз жоқ. Барлық округтерде де шөп жеткілікті. Шабындық жерлер мал санына шаққанда жеткілікті көрсеткішті беріп тұр», -дейді аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары. Демек, шөп бағасы қымбаттамауы тиіс.