14.07.2021, 14:59
Қараулар: 17
Ысырапшылдық-ауыз суға төнген қауіп

Ысырапшылдық-ауыз суға төнген қауіп

Суды үнемдеу туралы газетімізде сан мәрте мәселе етіп көтергенімізбен, сала мамандары  керісінше ауыз судың шамадан тыс қолданылуы жөнінде дабыл қағуда. Алаңдаудың да себебі жоқ емес. Себебі, ысырапшылыққа жол беріп, себепсіз әрі шамадан тыс жұмсалғандықтан болашақта су қорының мүлде тартылуына әкелетіні айтпаса да түсінікті.

Негізінде, осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын аудан орталығында таза ауыз су тәулігіне екі рет белгіленген уақытта су автокөлігі арқылы таратылатын еді ғой. Сол суды алуға талпынған тұрғындар қыстың қаһарлы аязында, жаздың аптап ыстығында ұзын-сонар кезекке тұрып алғандағы 1-2 бөшке суын үнемдеп, тек ас-суына ғана пайдаланушы еді. Енді міне, 2012 жылдан бастап ауылымызға «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында сапалы әрі таза ауыз су  тартылғалы, жерлестеріміз су тапшылығынан көрген «қорлығын» тез ұмытты. Бүгінгі күні аудан халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2012 жылы іске қосылған Ардақ нүктесі мен 2020 жылы құрылыс жұмыстары жүргізілген Ашықтоғай  ұңғымалары арқылы жүзеге асырылуда.

Қазірде ауданның 93 пайызға жуығы таза ауыз сумен қамтылып, тұрмыс жеңілденді. Иә, мақтанарлық статистика. Дегенмен, судың да сұрауы бар демекші, жерлестеріміз суды үнемдемей, таза ауыз сумен бақшаны да, малды да суарып, түрлі шаруашылықта аяусыз қолданылуы байқалады. «Шыңғырлаукомтехсервис» МКК директоры М.Ирмекбаев: «Әлем елдерінде оның ішінде, Қазақстанда су қорларының азаюы, яғни су тапшылығы маңызды мәселелердің бірі екені белгілі. Ауданда ауыз су  тапшылығын болдырмау, үнемді пайдалану мақсатында жасақталған кестеге сәйкес тәулігіне 3 мәрте жіберілуде. Себебі қысқы мезгілде тәулігіне 500-600 теше метр су жіберілетін болса, жаз мезгілінде тәуліге 800 текше метрден асып отыр. Бұл адамдардың ысырапшылдыққа жол беріп, суды орынсыз қолданылуын көрсетеді»,- деген ойын ортаға салды.

Сондықтан жыл сайын бақша мерзімі басталғанда мамыр айынан бастап ауылға Елек өзенінен тартылған техникалық су жіберіледі. Ауданымызда ұзындығы 22 шақырым техникалық су құбыры бар. Бұған дейін орталықта тек 2 су сорғы арқылы су жіберілетін еді, өткен жылы жаңадан 3 су сорғы орнатылуының нәтижесінде судың ағу жылдамдығы артқан. Әйтсе де таразының екінші жағы бар демекші, техникалық су тартылып жатқан Елек өзенінің жағдайы да бүгін мәз емес. Көктем мезгілінде өзге сай-салалардан құйылатын өзен суының өзі тиісті деңгейге көтеріле алмай тұр.

«Соңғы екі жылда Елек өзенінің суы көтерілмеді деуге болады. Қазіргі таңда Елек өзені суының нөлден жоғары деңгейі 123 см-ді көрсетеді. Бұл көрсеткіш те өзенге қар мен жаңбыр суы мүлде құйылмауына орай күннен күнге 1 см-ден төмендеуде. Егер де өзенге қосымша су құйылмаса бір айдан кейін суының нөлден жоғары деңгейі 100 см-ге түсуі мүмкін. Оның үстіне жаз мезгіліне шаруашылыққа пайдалануға ауыл арасына Електен техникалық су жіберілгенде су одан әрі азаятыны белгілі. Жерлестеріміз бұл өзеннің су деп қажет болсын, болмасын суды шамада тыс қолдануда»,-дейді «Казгиромед» орталығының бақылаушысы Елена Зубенко. Маманның хабарлауынша, өзен суы сәуір айында тек 235 см-ге ғана көтерілген,  алайда бұл көрсеткіш күн санап төмендей беруде.

Халқымыз айтқандай, су бар жерде-береке бар. Бүгінде жер бетінде адам саны өскен сайын ауыз су да әлемдегі маңызды мәселеге айналды.  Себебі, жердің 70%-ы су болғанымен, 1%-ы ғана ішуге жарамды. Экологияның күрт өзгеруі, жаһандық жылыну, өзен-көлдердің тартылуы, оған қоса өзіміздің ысырапшылдығымыз  су қорының одан сайын азаюына алып келеді.

Сондықтан, судың да сұрауы бар дегендей, бір тамшы суды бағалап, қолда барымызды сақтау —баршамыздың ең үлкен міндетіміз екенін ұмытпайық!

 

Аман ІЗМҰХАН

Шыңғырлау ауданы