7.12.2020, 17:08
Қараулар: 337
Қайырымды шекарашылар

Қайырымды шекарашылар

Адамның адамшылығы қиын кезде, сындарлы сәттерде сыналады. Сондай кезде тауқымет тартқан жан жақын-жуығынан, айналасындағылардан қолдау көру-елдікті, мейірімділікті паш етпей ме?

Сөзімізге негіз — Шыңғырлау халқы өздерінің бірлігін, ұйымшылдығын, жанашырлық сезімдерін осы пандемия кезінде тағы бір көрсеткендей. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дегендей, осындай қайырлы істен Шыңғырлау шекара бөлімшесінің қызметкерлері де қалыс қалмады.

«Біздер, өз ұжымымыз және жастар ұйымымен біріге отырып, қиындық көріп отырған отбасыларға аз-мұз болса да көмек қолын созуды жөн көрдік. Әсіресе, көп балалы жас отбасылардың бір сәт болса да көңілдерін көтеруді ойладық. Азын-аулақ азық түліктерін сатып әперуді жөн көрдік. Адамдарға қайырымдылық жасау ол тек бір айлық акциялармен немесе бір күндік көмекпен ғана шектелмеу керек деп ойлаймын. Жақсылық жасалған кезде жүректерге нұр құйылып, өмір шуаққа толады. Өзгелерге көмек ету арқылы, өзімізде қуанышқа бөленеміз. Менің айтарым, айналаға назар салып, көмек қажет адамдар болса, риза қылуға тырысыңдар. Әсіресе, осындай шақта көмекке зәру адамдар айналаңызда, ауылыңызда  болуы мүмкін»,-дейді Шыңғырлау шекара бөлімшесінің бастығы Нұрәлі Оспанәлиев.

Айта кету жөн, жастармен біріккен бастамашыл топ 3 отбасына 60 мың көлемінде азық -түлік тауарларын сатып алып, олардың  үйлеріне апарып берді. Бұл игілікті іс өзгелерге де үлгі болары сөзсіз.

А.МУСА,

Шыңғырлау ауданы