18.08.2021, 9:55
Қараулар: 115
Қаражатты мақсатты жұмсауда

Қаражатты мақсатты жұмсауда

 Әр елді мекен халқын мазалайтын бір мәселе болады. Бүгінгі күнге дейін алыс-жақын ауылдар үшін таза ауыз суы арман болып келсе, қазір ол әр тұрғынның үйінде бар. Ұялы телефон байланысы да жолға қойылды, Ендігі алаңдататыны ауыл көшелеріндегі жолдың жәйі. Аудан орталығының көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанымен ауылдықтар үшін әлі де күтуге тура келері анық. Осы мәселені өз күштерімен шешуді қолға алып отырған ауылдық округтің бірі-Ақтау. Ауылдық округ әкімі Мұрат Тасболатовтың бастамасымен жергілікті бюджет есебінен ауыл ішіндегі көше жолын ағымдағы жөндеуден өткізу қолға алынды.

Ұзындығы 1,4 шақырым болатын Тәуелсіздік көшесінде бүгінде мемлекеттік сатып алу заңының баға ұсыныстарының талабына сәйкес  мердігер болып танылған «Жайық жол құрылыс» ЖШС  жолды қыру жұмыстарын бастап кетті. Жолдың астыңғы қабаты түгелдей тегістеліп болған соң, үстінен құм-қиыршық қоспасы төселмек. Одан әрмен тағы да жол тегістеліп, әрі биіктету көзделуде. Бұл күзгі-жазғы жауын-шашын кезінде жолға су жиналмас үшін жасалып жатқан амал.

 — Ауыл жолдарын күрделі жөндеуден өткізу ойымызда бар, бірақ әжептәуір қаражат қажеттігі белгілі. Әйтсе де қарап отырмай, жолдарды ең болмағанда ағымды жөндеуден өткізуді ұйғардық. Аудандық бюджет есебінен бөлінген азын-шоғын қаражатты жол жөндеуге бөліп, ауыл үлкендерімен ақылдаса келе алдымен Тәуелсіздік көшесінен бастауды жөн көрдік. Алдағы уақытта қаржы мәселесі оң шешімін тауып жатса деп ауылымыздың Астана, Болашақ, Достық көшелерінің жолдарын жөндеуге сметалық құжаттарды дайындап қойдық, — дейді округ әкімі Мұрат Қайыржанұлы.

Ауылым-алтын бесігім деп, аядай ауылды сәулетті де дәулетті етуге ниеттенген ақтаулықтардың бұл бастамасы өзгелерді де осындай игі қадамдарға жетелесе, кәнеки!

                                                                                                                  Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы