25.03.2021, 18:15
Қараулар: 91
Қарап отырып, қапы қалмайық

Қарап отырып, қапы қалмайық

 

Биылғы қыс қаһарын көктемнің басында көрсеткені тосын жәйт болды. Үскірік боран соғып, жапалақтап жауған қар аршылған жолдарды әлсін-әлсін басып тастап, жүргіншілерді де, көшелерді тазартушы техникаларды да әбігерге салды. Қыс бойы мардымсыз жауған қардың мөлшері айналдырған екі-үш аптаның ішінде-ақ  өз орнын толтырып тастағандай еді. Енді міне, Наурыз келісімен күн де оң қабағын бере бастады.  Осындай шуақты күндер жалғасын тапса айналадағы қардың тоңы жібірі анық.  Мол қар ерісе ең алдымен аулаларын қар басқан аудан тұрғындарын әбігерге салары сөзсіз. Мұндайда  ертерек әрекет еткен жөн-ақ. Қолды қусырып, әлдекімнен көмек күтіп отырғанша ауладағы қарды шығарып, үйдің іргесін ашық ұстаған дұрыс. Осы жәйттарды түсіндіру, тұрғындарды ескерту мақсатында Шыңғырлау аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №23 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері аудандық жастар ресурсы орталығының еріктілерімен бірлесіп тұрғын үй секторларына рейд өткізді. Рейд барысында  ауданның су басу қаупі бар көшелеріндегі  тұрғындарға жадынама таратылып, түсінік жұмыстары жүргізілді.

Дей тұрғанмен, сақтық шараларын сақтау алдымен өзімізге байланысты екенін есімізден шығармаған жөн. Өйткені, жылы ауа райы орнығатын болса, еріген қар суы ауланы толтырып, тіпті іргетасы төмен үйлерге су кіруі әбден мүмкін. Сондықтан да тұрғындарға бүгіннен бастап қолдарына күрек ұстайтын кез келді дегіміз келеді.

                                                                                         Гүлім ШЫНТАС,

Шыңғырлау ауданы