14.04.2021, 16:25
Қараулар: 114
Қария ма, әлде шал ма?

Қария ма, әлде шал ма?

Қариялық – даналық пен өмір

тәжірибесінің қайнар көзі.

Қазақ халқы – үлкендерді өте қатты сыйлайтын халық. Үлкеннің сөзін бөлмей, алдын кеспей, ақсақалдан бата сұрап, көпті көргендердің әр ақылына құлақ асатын болған. Елге сыйлы қарттарды халық арасында «ақсақал» деп қадір тұтып, жоғары шығарып, сыйлайтын жазылмаған халық заңы бар. Бұрынғы заманмен қазіргі заманды салыстыру қиын, әрине. Кезінде қарттар үйі деген атымен болмаған. Қазақта қарияны жалғыз қалдыру – бүкіл ауылға ұят әрі сын саналған. Туған-туыстары болмаса да, жалғыз қалдырмай, батасын аламыз деп қаңғыртпаған. Сонымен қатар, қазақта балаларды «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деп жастайынан үлкендерді сыйлауға баулиды. Қарттарды жалғыз қалдырудың көбеюінен бе, әлде Батыстың ызғарлы лебінен бе елді бір сөзімен тоқтататын емес, үй-ішінің ғана жағдайына басы ауыратын қарттар көбейіп кетті ме қалай?

Қанымызға сіңген тәрбие арқасында, үлкендерді қадірлейтініміз соншалық әрбір қартты ақсақал, қария дейміз. Сөздік қорымызда үлкен кісілерді шал, қария, қарт, ақсақал деп атайтынымыз бар. Әр сөздің бір-бірінен айырмашылығы қандай? Көпшіліктің жасы келген үлкен адамдардың барлығын «ақсақал» деп атауы қаншалықты дұрыс?  Ғаламтор желісіне көз жүгіртіп: «шал» деген кім, «ақсақал» деген кім деп іздеп көрдім. «Шал — жасы алпыс-жетпістен асқан ер азамат» делінсе, ал қартқа «Қарт – көрген-білгені мол, көп жасаған кісі» деген анықтама беріледі. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде «Ақсақал – жасы үлкен, құрметті ер адам, қария»,  «Ақсақал – тәжірибесі мол, өз ісінің шебері» делінген.

Негізі барлығы бір мағынаны білдіргенімен, әрқайсысының өзіндік қолданылу орны бар екен. Кей кезде сұхбаттарда, отырыстарда аталарымызға біресе қарт, біресе ақсақал, біресе қария деп жататынымыз бар. Көптеген ғалымдар әрқайсысына әр түрлі анықтама берген. Кей деректерде қарттарды «қазына қарт» және «қазымыр қарт» деп екіге бөлген. Ал Бауыржан Момышұлы атамыз жасы үлкен қарттарды төртке бөлген:

-шал;

-қария;

-ақсақал;

-абыз.

Төртке бөліп қана қоймай, әрқайсысына толық анықтама беріп өткен екен.

— Отбасы, ошақ-қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты – ШАЛ;

— Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізетін қартты – ҚАРИЯ;

— Тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айбынын асырып отырған қартты – АҚСАҚАЛ;

— Елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты – АБЫЗ деп бөлген екен. Осыдан барлық қартты бірдей шал, қария немесе ақсақал деу дұрыс па, бұрыс па өзіңіз саралап көріңіз.

Қазіргі қоғамда эгоизм ноталары бар секілді. Әр қарт өз шаңырағының қамын, ошақ қасын күйттеп, тек өзінің жеке мемлекетінің қамын ойлайды. Онда тұрған ештеңе жоқ, әрине. Отбасын ойлап, жанұясының қамын жегенде тұрған не бар? Дегенмен елінің, халқының болашағына алаңдайтын, елге пайдам тисін дейтін қарттар азайып бара жатқандай. Не дегенмен ардақты ақсақалдарымыз жоқ емес, бар. Ондай қарттарымыздың өзі қаладан гөрі, ауылдан көбірек табылатындығы ауыл адамдарының дәстүрлерді жіті ұстанып, қазақы менталитетімізді сақтауынан ба дерсің. Біздің ауданымыз да ардақты ақсақалдардан, қазыналы қариялардан кенде емес. Осы орайда ауданымыздың сыйлы ақсақалдарының аталмыш тақырып төңірегіндегі ойын білсек.

 

Бақытжан Сапаров, Шыңғырлау ауданның құрметті азаматы:

Негізі адамдарды бөлу дұрыс емес, бірақ қоғамға еңбегі сіңіп, халыққа айтары бар, әдемі ой сала алатын қарттарды сыйлап, бағалау орынды. Ертеде кей қарттарды шал-шауқан деп айтатын болған. Ол өте ауыр тиетін ұғым.  Сол себепті қарттарды қария, ақсақал деп бөлген дұрысырақ деп ойлаймын.

Қазыналы қариялар өз ойынан болсын, кітаптағы сөзді болсын үнемі орынды айтып отырады. Яғни оқыған-тоқыған, елге сөзі өтімді қарттарды ақсақалдар деп қана қоймай, қазыналы қарттар дейтін болған. Ондағысы жан-дүниесі қазынаға толы: халыққа айтары бар, әр сала тақырыбында әңгіме қозғай алатын қариялар. Ал шал деген сөз төмендетіліп айтылатын болған. Әдебиеттерде «шалдыққа қимаймын» сынды тіркестер қолданылады. Мынау жақсы, мынау жаман деп айтуға болмайды, сондықтан еш қартты шалдыққа қимаймын.

Сабыр Самиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Араб тілінен аударғанда «Шал»  сөзі «өлмей әлі жүрсің бе?» деген мағынаны береді деп естігем. Қазіргі жастардың үлкен кісілерді «шал» деп атағаны қынжылтады, әрине. «Абыз» деп елге еңбегі сіңген, атақты қоғам қайраткерлері, ұлы адамдарды атаса болады. Ал қазіргі қарттарды «қария», «ақсақал» немесе «ата» деп атаса жақсы болар еді.

 

Қазіргі таңда ауданымыз бойынша 1986, ауылымыз бойынша 1260-қа тарта зейнеткер бар екен. Осынша ата-әжелеріміз бар бола тұра, іс-шараларда, газет беттерінде бірен-саран қарияларды көретініміз өкінішті. Қазыналы қарттарымыздан үйренеріміз, білеріміз өте көп. Өз басым, қариялардың өнегесін көру – үлкен бақыт деп білемін.

 

А.ЛЕПЕС,

Шыңғырлау ауданы