5.01.2021, 18:32
Қараулар: 395
Қос ауылға таза су

Қос ауылға таза су

Ауданымыздың Ақтау мен Ардақ ауылдарының су құбырлары «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қайта жөндеуден өтіп, іске қосылды. Қос ауылдың су құбырларының ашылу салтанатына аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова қатысты.

Ақтау ауылындағы су құбырларын қайта құру жұмысын «Болат-Д» ЖШС жүргізсе, Ардақ ауылының су құбырларын қалпына келтіру жұмыстарын «Калдығайта» ЖШС ұйымдастырды. Аталмыш жұмыстарды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінген.

Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі: «Бүгінгі таңда Шыңғырлау ауданы халқының таза ауыз сумен қамтылуы 92,4 пайызға жетті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын салынған Ақтау мен Ардақ ауылдарындағы су құбырлары заман талабына сай қалпына келтіріліп, қайта құрылды. Ендігі кезекте, ауыз суды үнемдеуді ұмытпай, өз өңіріміздің дамуына үлесімізді қоса білейік», — дей келе Әлия Биғазықызы алған ауыл тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Бұдан кейін сөз алған ауыл ақсақалдары ауылдық жерлерде тұрмыстың жақсарғанын айтып, өздерінің шынайы алғыстарын білдірді.

Екі ауылда да су құбыры ашылу лентасы салтанатты түрде қиылып, су құбырының іске қосу тетігі басылды.  Салтанатты қуаныш ауыл өнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Аман ІЗМҰХАН,

Шыңғырлау ауданы