25.01.2021, 15:46
Қараулар: 223
Қыстақтардың жағдайымен танысты

Қыстақтардың жағдайымен танысты

Ағымдағы жылдың 18 — қаңтар күні аудандық  кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің  басшысы Рүстем Еслямов Ақтау ауылдық округінде орналасқан «Ақтау», «Аманер», «Сұлтанбек» шаруа қожалықтарында болып, қыстақ барысымен танысты. Қыстақтар жанар-жағармай, техника, отын-су қорларымен және мал азығымен толық қамтылғандығына көз жеткізді. Сонымен бірге байланыс желісі жұмыс істеп тұр.

Айта кету жөн, Ақтау ауылының тұрғындары мал, құс өсіруді жақсы жолға қойған. Шағын ауылдың әлеуметтік жағдайы осы ауылда еңбек етіп жүрген бірнеше қожалықтарға тікелей байланысты дейді ақтаулықтар. Себебі ауылдағы  жұмыссыздардың көпшілігі қыс кезінде мал күтуге қолқабыс етіп, еңбектерін ақшалай немесе өніммен алады. Екі қолға бір күрек деп жұмыстың қандайына да кірісе кетеді. Бірнеше адамға жұмыс беріп отырған кәсіпкер-шаруаның бірі «Ақтау» шаруа қожалығының жетекшісі Ержан Рамазанов. Биылғы мал қыстағында 200 мүйізді ірі қарасы, 400 қой қыстатылуда. Қысқы азық деп жаздай жиған шөптің 2000 орамы қыстақ басына жиылған. Қолдағы 5 бірлік ауыл шаруашылық техникасы жұмысының табысты болуына сеп. Негізінен, нәсібін мал шаруашылығынан тапқан кәсіпкер  аталған қожалықта 1998 жылдан бастап әкесімен бірге еңбек етуде. Қожалықты жүре келе өзі де басқаруға бел буғанды. Жұмысы өрге басқалы  талай  іргелі жоспарларын іске асыра бастаған Ержан 2012 жылы шаруашылығын мал өсіруге бағыттады. Ауылда тұрып оның барлық мүмкіншіліктерін пайдалана білу тиіс деп шешіп,  меншігін үлкейтіп, мал көбейтіп, техника санын да арттыруда. Ендігі кезде өлім-жітімнен, мал ауруынан ада шаруашылықта тек қана асыл тұқымды  ірі қараны көбейтуді мақсат тұтуда.

 Ақтаудың жері малға ыңғайлы, шөбі шүйігін ,суы тұнық, бұл шаруашылық бір-екі жыл турасында малды тағы да 200 басқа көбейтіп, субсидияға қол жеткізбек.

Ақтаудың азаматтары соның ішінде Ержан Рамазанов әсіресе, пандемия кезінде талай тұрғындарға көмек етті. Ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне де өнімін қол жетімді бағамен сатып, көпшіліктің алғысын алуда.

                                                                                                                 А.МУСА,

  Шыңғырлау ауданы