25.03.2021, 18:24
Қараулар: 107
Үлкендердің ақ батасын алған күн

Үлкендердің ақ батасын алған күн

Наурыз мерекесі  елімізде ұлықталатын ең  үлкен мереке. Бұл үлкен — кіші мерекелік көңіл-күймен қуанышқа бөленетін күн. Әсіресе, ата-әжелерді құттықтап, ақ батасын алып, оларға шат көңіл сыйлау қандай керемет!

Мереке күні аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова ауылымызда тұратын жасы 90-ның төріндегі қария Махмут Фаткуллиннің отбасында болды. Мерекемен құттықтады. Өмірі еңбекпен өрілген, осы ауданның байырғы тұрғыны Махмут атаның әңгімесін тыңдап, батасын алды.

«Қазіргі заман  жастардың заманы, аянбай еңбек етсең, оның жемісін көресің. Халқыңа  адал қызмет қылсаң, мінекей, елді де басқарасың, жұмысыңның  бейнетін емес, зейнетін көр, қызым!»-деді қария.

Наурыз мерекесінде  аудан басшысы үйіне бас сұққан тұрғындарымыздың бірі —  Зияш Рабаева. Кейуананың қуанышында шек жоқ, ақ жаулықты ана мұндай күтпеген қуанышқа кенелем деп ойламапты. Әкімге наурыз көже мен сары бауырсағын ұсынып, әңгімелесіп, ақ батасын арнады. Өмір жолынан сыр шертті.

Зияш әже Ресейде дүниеге келіпті. 1965 жылдан бастап Қызылкөл совхозында шопан болып еңбек еткен. 1981 жылы Шыңғырлаудың орталығына көшіп келген, сол уақыттан бері  аудандық ауруханада  еден жуушы болып, басшылықтың, жұртшылықтың алғысына бөленген. Зейнетке сол жерден шығады. 9 бала өсірген «Алтын алқа» иегері  үшін Наурыз мерекесі ерекше күн. «Еліміз тыныш, ауру-сырқаудан аман болайық!» дейді көздерінен мейірімі төгілген әже.

                                                                                                                        А.МУСА,

Шыңғырлау ауданы