24.03.2021, 19:29
Қараулар: 124
Ұлтын ұлықтаған – Ахмет Байтұрсынұлы

Ұлтын ұлықтаған – Ахмет Байтұрсынұлы

Алаш ардақтысы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ сан қатпарлы шығармашылық тұлғасын, қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін тануда нақыл сөздерінің алар орны ерен. Ұлт көсемі Әлихан БӨКЕЙХАН «Бесстрашный пророк своих убеждений» деп бағалаған санаткердің әдеби мұрасы, іргелі еңбектері қазақ рухани әлемін жаңғыртудағы тарихи қызметін атқарып келеді. Патша абақтысы, Кеңес түрмесі қысымын өткере жүріп, елге қызмет етудегі иман күшін «Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады» деп әдіптеген тектінің нақылдары – қазақ топырағындағы рухани және саяси күрескерліктің тағылымды мектебі болуымен қастерлі.

Өзіне дейінгі сан ұрпақтың қордаланған әлеуметтік жүгін арқалап, қоғамдық парызын атқаруда жанкештілік танытқан Ахмет Байтұрсынұлы феномені ХХ ғасыр басындағы Алаш ренессансын зерделеуге мүмкіндік береді. Осынау құбылыстың басты сипаттары – адамға, ұлтқа, адамзатқа деген гуманизм, тұлға еркіндігі, ар-ұждан тазалығы, сана дербестігі десек, Ахметтің нақыл сөздерінің де басты мұраты қазақ дүниетанымына, ойына азаттық рухын сіңіру еді. Телжан Шонанұлы «Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов – халық ағарту және әдебиет саласында» мақаласында атап көрсеткендей, «Қазақ халқы үшін Ахмет жасаған әдеби дүниенің көркемдік-әлеуметтік таным әлемінің әсері ғаламат» болды.

«Өткендердің көзіне қырау түскеніне өкінбей, өз көзіңе түскен қырауды аршып қара» дейді Алаш ардақтысы. Отаршылдық ойрандағы қазақ қоғамының дәуірлік түйткілдерімен бетпе-бет келген ол ұлттың ұлт болып қалу мәселелерін саяси-рухани реформаторлық жолмен шешуге қажыр-қайратын сарқа жұмсады. Қалам қайраткері «Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы» («Жауап хат») екенін байыптауымен елін саяси теңдікке, рухани кемелдікке жеткізудегі адамдық борышынан айныған емес. «Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі» («Орысша оқушылар»), «Халықты қаңсылату – обал, халықты зар жылату – мейірімсіздік, халықты тамақ үшін сату – иттік» («Әдебиеттанытқыш»), «Қайраткер басын бәйгеге тігіп іс қылуын айып көрмейді, адамдық деп біледі. Басын қорғап, мақсатын іздемей қалу – оған өлім» («Әдебиеттанытқыш») сипатындағы нақыл сөздері ұлт қайраткерлері ұстанатын бірден-бір тұғырнама болып қала бермек.

Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері – ояну дәуіріндегі рухани және саяси күрестегі елшілдік рух, ұлтшылдық сезім, мемлекетшілдік сана көрінісінің қайнары.
Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы. Қазақтың саяси теңдігіне, рухани кемелдігіне ғұмырын арнаған ағартушының оқу-ағарту, өнер-білім, ғылым хақындағы «Жазу тәртібі», «Бастауыш мектеп», «Оқу жайы», «Білім жарысы», «Орысша оқушылар», «Оқыту жайынан», «Баулу мектебі», тағы да басқа мақалаларының мәйегі іспеттес нақыл сөздері – руханиятымыздың алтын қорын еселеуде. Оларда ұстаз, тәлімгер, әдіскер, ғалым, ағартушы Байтұрсынұлының уақыт талабына сай ілгерілеу, озғандарға жету, өркениетке ұмтылу хақындағы саф ойлары көрініс тапты.

«Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, əлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнербілімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік»  — деп, жастарды, яки қазақ халқын өнер мен білімге баулып, ұйықтап жатқан сананы оятыңдар дегендей үндеу жасады.

Жоғарыда атап өткендей, Ахмет Байтұрсынұлы бір мектептің ғана емес, түгел бір халыққа, бүтін бір ұлтқа қызмет еткен – ұстаз, ұлт ұстазы. Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек»; «Сауаттану – мылқауға тіл, саңырауға құлақ, соқырға көз бітіргенмен бірдей нәрсе» екенін ағартушылық еңбегімен дәлелдеген ұлт ұстазының ана тілі, тіл лұғаты, мұғалім мерейі, ұрпақ тәрбиесі хақындағы нақыл сөздерінің мән- мағынасы алабөтен.

Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады.

 

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» (әл-Фараби) жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын — Аристотельді, Абылай хан — Төле биді, Шәкәрім — Абайды, Бердақ — Күнқожаны, Жамбыл — Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.

 

Ұлт ұстазының еңбектерімен А. Байтұрсынұлы «Тілқұрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығынан өндірістік тәжірибеден өту барысында таныстық. Өндірістік тәжірибе барысында Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйіндегі мол мұраларымен танысып, ғылыми тұрғыда тәжірибемізді арттырып, мағұлмат алдық. Өндірістік тәжірибе бойынша бізге жетекшілік еткен ф.ғ.к., аға оқытушыР.С. Имаханбет.

Асель ТАУБАЕВА,

ҚазҰУ, филология факультеті,

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының

4-курс студенті