15.03.2021, 15:42
Қараулар: 180
Әжелер — қазақы тәрбие бастауының бұлағы

Әжелер — қазақы тәрбие бастауының бұлағы

Қазақ тәрбиесінде «әже» ұғымы қадірлі әрі ерекше. Ардақты әжелеріміз бір әулеттің  ұйытқысы ғана емес, барша жастың тәрбиешісі, ақылшысы іспеттес жан. Әжесі Зеренің ертегісін, ақылын тыңдап өскен Абай атамыздың ғұмыры әже тәрбиесінің адам өміріндегі алар оны ерекше екендігін айқындап өтті. Немересіне ертегі айта алмайтын, баланы бесікке бөлеу білмейтін емес, тілеуімізді тілеп, шаңырақтың берекесін кіргізетін, салт-дәстүрді ұстанып қана қоймай, немере-шөберелеріне үйрететін ақ жаулықты әжелеріміз көп болса екен…

Осы орайда «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен әжелер мен қыз-келіншектерге арналған «Әжелер — қазақы тәрбие бастауының бұлағы» атты кездесу өтті. Мәнді де мағыналы шара әже мен немере, апа мен келін образындағы еркін сұхбатқа айналып, ерекше өңге ие болды. Аталмыш шара Шыңғырлау аудандық өлкетану музейінде өткізілді. Өлкетану музейінің мамандары да өткен әрі келе жатқан барша мейраммен апаларымыз бен қыз-келіншектерді құттықтап, шараны әсем әуенмен, мәнді әңгімемен қолдады.

Кездесу барысында қыз-келіншектер әжелерге түрлі сұрақтар қойып, шара қызықты әрі ерекше атмосфераға толды. Өмірдегі маңызды таңдауды қалай жасау керек, келін мен ененің арасындағы қарым-қатынас қандай болуы керек, ұмытылуға айналған салт-дәстүрлер, тіпті ұлттық тағамдарымыз жайлы түрлі сұрақтар қойылып, өткені мен бүгінің ұштастыра әңгімелеген әжелеріміз әр сұраққа тұшымды әрі пайдалы жауап беріп отырды. Сонымен қатар апаларымыз өміріндегі қызықты сәттермен, ақылдарымен бөлісе отыра, қатысушылардың өміріне азық болардай мұра қалдырды.

Кештің басты кейіпкерлерінің бірі Талшын апамыз кездесуге келген аруларға тек рухани ғана емес, болашақта іске жарайтындай азық әкеліпті. Әжеміз бағзы заманнан бері қазақ әйелдерінің серігі болған ұршық ала келген екен. Кешке қатысушыларға жүнді қалай тазартып, иіруді үйретті. Кешке қатысушылар бұдан да өзге көптеген ақпарат біліп, кездесуден көңілді әсермен қайтты. «Кеш өте қызықты өтті. Көптеген ақпараттар біліп, уақытымызды пайдамен өткіздік. Әжелерімізге көп рахметімізді айтамыз. Алдағы уақытта да осындай шаралар өз жалғасын табады деген ниеттеміз» — дейді кездесуге қатысушылар.

Айбарша ЛЕПЕС,

Шыңғырлау ауданы