26.04.2021, 19:29
Қараулар: 76
4 күндік экспедиция басталды

4 күндік экспедиция басталды

Батыс Қазақстан облысының ең биік нүктесі – Шыңғырлау ауданында

 «Шыңғырлау өзенінің жоғарғы ағысындағы көпшілікке танымал емес тарихи-мәдени және табиғи нысандарды зерттеу» тақырыбында кешенді экспедициясының ашылу салтанаты өтті. Аудан әкімі Әлия Биғазықызы келген қонақтарға ізгі лебізін білдіріп, сәтті сапар тіледі. Осы орайда Қазақ ұлттық география және Орыс география қоғамының, Ресей өлкетанушылар одағының мүшесі, Орал қалалық «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Айболат Шамұратұлы Құрумбаев алғыс білдіріп, өз атынан аудан әкімі Әлия Мұханбетжановаға алғыс хат ұсынып, естелік сыйлық сыйға тартты.

    Асан қайғы алаңында ашылған экспедиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шыңғырлау ауданы әкімдігінің қолдауымен «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы және Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Экспедиция мақсаты Шыңғырлау өзенінің жоғарғы ағысы бассейніндегі шағын тарихи, мәдени және табиғи нысандарды зерттеу бойынша кешенді археологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, бірінші санатты күрделі туристік маршрут салу және жер бедерінің гидрологиялық және геоморфологиялық сипаттамаларын кескіндей отырып, карталарға түзету енгізу. Сонымен қатар қараусыз қалған елді-мекендердің орнын зерттеу бойынша археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, Шыңғырлау өзенінің флорасы мен фаунасын, алқабын зерттеу аталмыш шараның басты мақсаттары мен міндеттерінің бірі болып саналады.

   Экспедицияның алғашқы нүктесі – Ақбұлақ ауылдық округінде орналасқан Шыбынды тауы. Бұл жер ресми түрде Батыс Қазақстан облысындағы ең биік нүкте атанды. Шыбынды тауының абсолюттік биіктігі – 279 м. Аталған жерге экспедиция мүшелері арнайы белгі орнатты.

Экспедицияның келесі нүктелері: Отрадное – Ақшат – Қайыңды – Торатбас – Ақтау – Алақан тауы – хан шатыры тауы – Шыңғырлау ауылы. 26 сәуір бастау алған экспедиция 1 мамырға дейін, яғни 4 күн бойы жалғасын табатын болады. Экспедиция құрамында «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы ұжымы, тарих ғылымдарының кандидаты, өлкетанушы, тарих магистрі және оқушылар бар. Экспедиция қатысушыларына ақ жол тілеп,  сапардан ұмытылмас әсер алуларына тілектеспіз!

Айбарша ЛЕКЕРОВА,

Шыңғырлау ауданы