31.07.2021, 15:05
Қараулар: 76
Ата-ана разылығын дұрыс түсініп жүрміз бе?

Ата-ана разылығын дұрыс түсініп жүрміз бе?

Қазір әлеуметтік желілер дамыған заман болғандықтан еліміздегі көпшіліктің қандай өмір сүріп жатқандығын, қандай әрекеттер істеп жатқандығын көріп, бақылап отырамыз. Кірсең болды бәрі бір жерде қыдырып, көлік, пәтер сатып алып жатады. Инстаграм желісінде бірнеше рет балаларының ата-анасына көлік, пәтер, демалысқа жолдама сынды бағалы сыйлықтар сыйға тартып жатқанын көрдім. Жарайды, ата-анаға сыйламағанда кімге сыйлайды, ол дұрыс қой. Тек содан кейін сол сыйларын қайта-қайта айтып, ата-ана алдындағы парызын өтегендей болып міндетсінетінін айтамын-ау. Заман өзгерген сайын жастар ата-ана алдындағы борышын материалдық құндылықпен шатыстырып алғандай көрінеді.

Сонымен қатар, қазақта «Ана сүтін ақтау» деген ұғым бар. «Ана алдындағы парызыңды Анаңды Меккеге 3 рет арқалап апарсаң да өтей алмайсың» деп халық  айтып жатады. Осыдан-ақ қазақ халқы үшін ана рөлінің маңызын байқауға болады. Отбасындағы әке рөлі де аса маңызды. Әкем кезінде атамның қатал болғандығын, қабақпен түсінісетіндерін әңгіме арасында айтып отыратын. Әкенің қас-қабағына қарап, сыйлау – баршамызға міндет. Қазіргі таңда кей жастардың ата-анаға қарсы сөйлеп, өз дегендерімен жүретіндерін байқаймын. Ата-ананың сөзіне құлақ аспай, жаңа заманғы ережелерге сай өмір сүруді қолдап, ата-ана қалауын ескермей жатады. Оның үстіне әке-шешелерін ренжітіп, қол көтеретіндер, қарттар үйіне апаратындар да жоқ емес. Осындайда жастар ата-ананың ашу-ызасы, қарғысы Жаратқан Алланың қаһарына тең екенін ұмытып жатады. Дінімізде ең бірінші орында Алла Тағалаға серік қоспау, екінші орында ата-ананы сыйлау қажет деп бекерден бекер жазылмаған, сірә. Ата-ананың аузынан «қарғадым» деген сөздің шығуы міндетті емес, көңіл қалдырудың өзі – перзенттің қарғысқа ұшырауымен тең.

Ата-ана мәртебесін биік қоятын халқымның санасы шет елдің менталитетіне бейімделіп, аздап өзгеріп жатқандай. Жоғарыда айтылғандай әке-шешеге сыйлық жасау арқылы ата-ана разылығын сатып алғандай сезіледі екен. Негізі ата-ана үшін баласының жақсы жүріп, жақсы қызметте жасағаны, отбасын құрып, елге үлгілі отбасы атанғаны, өз ата-анасын қалай сыйласа, өзгені де солай сыйлай білуі – үлкен мақтаныш. Ата-анасының атына кір келтірмей, тәрбиелілігін көрсете білген перзент ата-ана разылығына бөленеді.

Қанша өзгеге жақсылық жасап, ата-анаға сыйлық бергенімен де ата-анасын тыңдамай, сыйламаған перзентке қияметте Алла қараспайды екен. Ата-ананың көңілін сыйлықпен емес, шынайы махаббатпен, сыйластықпен жаулаған дұрыс қой.

А.ЛЕПЕС

Шыңғырлау ауданы