21.04.2021, 18:04
Қараулар: 77
Аудан шежіресінен

Аудан шежіресінен

Құттығай Сатыпалдыұлы

(1702-1743)

 Құттығай Сатыпалдыұлы Шыңғырлау ауданы аумағында өмір сүрген. Тегі – Беріш руының Жайық атасы. Құттығай ХVIII ғ. 20-30 жылдарында қалмақтармен талай шайқастарға қатысып, ерлігімен көзге түскен. 1728 жылы Бұлаңты өңірінің бойында 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай жазығында болған шайқастарда Тайлақ батыр басқарған кіші жүз әскердің сапында болған. Құттығай елге оралысымен Шұбар, Саршала батырлармен бірге құба қалмақтардан Тайсойған, Нарын өңірлерін азат еткен.

 20 мың қалмақты қазақ даласы арқылы Қытай шекарасына қарай тықсыра қуған жорыққа Құттығай мыңбасы ретінде қатысады. Құттығай батыр туралы бір аңызда Құттығай батыр жауға шапқанда «Уа, аруақ, Сұр жылан, қайдасың? Қолдай гөр!» деп жалаң қылышын қынабынан суырғанда айбаттанып кететін көрінеді.

Қалмақтың Көбек деген батыры соғыс болмай тұрғанда қазақ елімен қанаттасып көшіп-қонып жүрген. Құттығаймен таныс болса керек. Олардың батырлығы аңызға айналып, найза, қылыш, шоқпар сынды қаруларды шебер меңгергендерін көрген. Кейін жер дауы, жесір дауы кезінде екі халықты билеп отырған хандары соғыспақ болғанда, бірінші болып жекпе-жекке қалмақтың Көбек батыры мен қазақтың Құттығай батыры түспек болады.

Екеуі де өз рухтарына, ұрандарына сыйынып, айқай салып, екі жақта сырнайларын үрлеп, дабыл қағып, қос батырларына қолдау көрсетіп, у-шу, азан-қазан болып, шайқастың үдіріс дауылын үдете түседі. Сол кезде екі топтан суырылып шыққан екі батыр найзасын оңтайлап бір-біріне  қарама-қарсы мінген тұлпарының жойқын шабыстарымен ұрысқа кіріседі. Атойлап шапқан қалмақ батыры Көбіктің Құттығаймен найзаласуға дәті шыдамай, бетпе-бет келмей өз жағына кері шауып кетеді. Қалмақтың қолбасшысы «неге жекпе-жекке түспедің» деп ақырады. Сонда Көбек тұрып: «Құттығайдың белін орай, иығына асылған екі басты шұбар жыланды көрдім, қорыққаным емес, соны айтқалы келдім»,-десе керек. Құттығай батыр Көбекті аттан құлатып, қылышпен шауып, құлаған денеге найзасын шаншымай кете барады. Көбек батырдың қас батырлығын жауы болсада құрмет тұтқан Құттығай батыр бір баласына Көбек деп ат қойған. Құттығай батырдың тоғыз баласы болған екен. Ұрпақтары Атырау облысын мекен етеді. Құттығай батыр Шыңғырлау ауданы, Тіксай ауылында жерленген. 2005 жылы 25 маусымда Құттығай батырға ұрпақтары ескерткіш орнатты.

Қ.АСУ,

Шыңғырлау ауданы