2.08.2021, 15:08
Қараулар: 113
Діни ахуалдың дамуы тәуелсіздік талаптарына сай

Діни ахуалдың дамуы тәуелсіздік талаптарына сай

       Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде ата-бабамыздың асыл діні –Исламға да жол ашылды. Діні берік мемлекет қана қандай да болмасын тосын сындарға, экстремисттік бағыттағы ағымдарға берік тосқауыл қоя алмақ. Ауданымызда соңғы жалдары ислам дініне қызушылық танытып, Ораза ұстап, намазға жығылып жатқандардың саны артып келеді. Бұл сүйінішті жәйт. Осы хақ дініміздегі кейбір пікір таластырмай мойындалатын, кейбір жағдайларда ойға қалдыратын мәселелер төңірегінде «Орал медресе» колледжін исламтану мамандығы бойынша тәмамдап, бұған дейін Ақжайық аудандық мешітінде наиб имам болып жұмыс істеген, биылғы мамыр айынан ауданымыздағы мешітте Бас имам болып қызмет жасап келе жатқан Еламан Байәділді әңгімеге тартқан едік.

— Еламан Тимурұлы, өмір бар жерде өлім барлығы шүбәсіз. Қайтқан кісіні соңғы сапарға шығарып салар садақасында онсызда қайғыдан езіліп отырған отбасы, тума-туыс, жанашыр жандар алдында қайсыбір дін өкілдерінің «Өлім бар, ол міндетті түрде келеді, өлімді ұмытпаңдар, өлімге асығыңдар!» деп жұбатудың орнына одан сайын қайғыларын ауырлатып жылату қаншалықты дұрыс?

Жан бар жерде қаза бар демекші, жаназаларда, қазалы орындарда имамдар ылғида өлім жайлы насихат айта береді деген уәждерді еститініміз өтірік емес. Әлбетте, Ислам діні – бейбітшілік діні. Десе де, қасиетті Құранда Зарият сүресінің 55 аятында Алла Тағала: «Ескерт, өйткені ескерту мүміндерге пайда береді»,- дейді. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак хадисінде: «Ләззәт атаулыдан үзетінді (өлімді) көбірек еске алыңдар»,- деген. Қазалы орындарда өлім жайлы жиі айтылуы, халқымыздың «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деген дана сөзіне арқау. Өйткені, өлімді ұмытқан пенде Аллаға құл болудан да, адамгершілік болмыстан да әлдеқайда алыс түседі. Дей тұрғанмен, қайғы жұтқан отбасына сабыр айтып, шүкіршілік етуге шақыру, жаназаға қатысты қызметтерге көмектесу мұстахаб болып табылады. Сондықтан да өлім-жітім кезіндегі әрбір айтылған сөз, жасалған іс-әрекет әуелі марқұмды қорламайтындай, артында қалған туыстарына рухани қолдау беретін шеңбер деңгейінде болғаны абзал.

-Қайтқан кісінің артынан Құран бағышталып отыруы міндетті. Қырқына дейін дін қызметкерлері Құран хатым шығарады. Соңғы кездері осы Құран хатымды шығаруға байланысты имамдардың әр отбасына әр түрлі көлемде ақы сұрайтынын естіп те, көріп те жүрміз. Бұл шариғатқа қайшы емес пе?

— Алдымен «Құран хатым» дегеннің не екенін айта кетейік. «Хатым» сөздікте «бітіру, аяқтау» дегенді білдіреді. Ал «Құран хатым» дегеніміз – Құранды бастан аяқ оқып шығу деген сөз. Ал, Құранды оқу құлшылық болып саналады. Құранның қай сүресі, қай аяты оқылса да оқыған адамға сауап жазылатыны хадистерде айтылған. Тіпті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылық он еселенеді. Мен әлиф, ләм, мимді (бәрін қосып) бір әріп демеймін, әлиф – жеке әріп, ләм – жеке әріп, мим – жеке бір әріп. (Әрқайсысына жеке сауап жазылады)»-деген (Тирмизи, «Сүнән»).

Яғни, Құран оқу намаз, ораза секілді құлшылыққа жатады. Ал, құлшылықтан болатын сауаптарды қайтыс болған адамдардың рухына бағыштауға болады. Әһлус-сунна ғалымдары оқылған Құран сауабының марқұмдарға тиетінін бірауыздан мақұлдаған. Құран Кәрімді оқып, сауабын бағыштау қайтыс болған кісінің артынан жасалатын құптарлық іс болып табылады. Ал, оқып берген Құран хатымы (құран шығару) үшін ақы беру не алу жайында мына бір хадисті тілге тиек еткім келіп тұр: Сахабалар бір қауымның мырзасына Фатиха сүресін оқып дем салып, онысына ақы алғандықтары айтылады. Және олардың бұл әрекеттерін Алла елшісі (с.а.с.) құптаған (Сахих Бухари —  №2276). Осыдан келіп, Құран оқығаны үшін ақша беріліп жатса, оны алудың күнәсі жоқ, әрі онысы адал деуге болады. Әсіресе, жетерліктей тұрақты айлығы жоқ дін қызметкері ондай ақшаны алуға мәжбүр болуы мүмкін. Дей тұрғанмен, әр отбасының жағдайын ескерген де дұрыс. Осы орайда, Құран оқудағы ең басты мақсат – Құдай разылығы әрі марқұмға оқылған аяттың шарапаты тисін дегендік болу керек.

— Ертеректе бір адам қайтыс болса қайыр болсын айтуға да, жаназасына да тек үлкендер барушы еді. Қазіргі күні мұндай өлім-жітімге жастар көп барады, бұл өлімнің жасаруына әкеліп жатқан сияқты дейді қайсыбір үлкендер. Осы жәйт туралы пікіріңізді білсек.

-Халқымыз «Қайғы бөліссе азаяды» деп азалы адамдардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтып, жұбатып келген. Бұл үрдіс ұрпақ санасына берік орнап, күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Халқымыз көңіл айтуға да ерекше маңыз беріп, оны шешендік сөздермен көмкеріп, адамның жүрегіне жұбату етіп, шебер жеткізе білген. Қазақ халқы бірлікшіл, туысшыл болғандықтан ағайын арасындағы қайғылы жайларда ешқашан бейтарап қалмаған. Асыл дініміз исламда да көңіл айту әбестік емес деп көрсетілген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Мұсылманның мұсылманда бес ақысы бар: Сәлеміне жауап беру, ауырған кезде көңіл сұрап бару, жаназасына бару, қонаққа шақырған кезде бару, түшкіріп “әлхамдулиллаһ” деген кезінде “йәрхамукаллаһ” деу»-дейді (Мүслим). Халқымызда «елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан жаңа» деген сөз бар, яғни бір буынның өтіп екінші буынның дәуірі келіп жатқан шақ, қазіргі ХХІ ғасыр. Осы орайда айта кететін жайт, бүгінгі таңда қазалы шаңырақтарға кәрі емес жас буынның баруы, зиярат етуі басымдық алып жатыр. Әрине, көпшіліктің көзіне бұл көрініс ерсі көрінгенмен, онда тұрған айып жоқ. Өйткені, оның бір себебі, ақсақал-қарияларымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің қатары санап алардай болып қалғаны. Бүгінгі жасөспірім, ертеңгі ел тізгінін ұстар болашақ кемел ұрпақ. Сондықтан да, жастардың қазалы шаңыраққа барып, көңіл айтып, қайғысын бөліссе, сапқа тұрып жаназасына қатысса, онда бұл «тәрбие – тал бесіктен» деген дана халқымыздың, тәлім-тәрбиеге мол дана сөзінің жас буынға сіңімді болып жатқанын байқатады.

-Өзіңіз де байқап жүрген боларсыз, соңғы жылдары жастарымыз дінге үлкен қызығушылық танытып, мешітке көптеп келіп, мұсылманның бес парызын орындауға тырысып жатыр. Жастардың бұл игі ниеттері қолдауға тұрарлық екені сөзсіз.

— Иә, жалпы, жастар арасында дінге деген қызығушылық көбейіп келеді. Айтқым келетіні,  мемлекетімізде жастарға арналған  «Ауыл жастары», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар – Отанға», «Жастар тәжірибесі» секілді түрлі бағдарламалардың қолға алынып жатқаны белгілі. Міне, осындай бағдарламалардың қатарында діни-рухани тәлім-тәрбиелік мәні бар кешенді бағдарламаны қолға алу да кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналуы қажет.

­Өйткені, Қазақстан қоғамындағы қазіргі діни ахуалдың түйткілді мәселелерін тереңірек зерттеудің мән-маңызы зор. Еліміздің қоғамдық өмірін қамтыған рухани жаңғыру мен жаңару процесі ғаламдану жағдайында діни ахуалдың бағыты тәуелсіздік талаптарына сай жаңа ғылыми ізденістердің нақты нәтижелерге бағдарлану міндеттерін алға тартады.

Бүгінгі күнде жастардың дінге деген тотальды қызығушылығы, көп ата-ананың көңіліне үрей салады. Әйтседе, оның бір шектен тыс сақтанып «шаш ал десе, бас алып» дегендей қорқыныш жамылғысын жамылып алудың керегі жоқ. Керісінше «болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демеп пе еді дана қазақ халқы. Әр істің өз маманы болғаны секілді, діннің маманы мешіт имамдары мен ұстаздары. Жастардың діни қызығушылығы пайда болса діннің өз мамандарына жолықтырып, дұрыс нұсқау беріп, ақыл-кеңесін айтқанын дұрыс деп есептеймін. Бүгінгі таңда елімізде діни білім алуға барлық жағдай жасалған. Рухани бірлік пен келісім аясында өмр сүру мақсатына жету үшін  өркеиетке ұмтылып, азаматтық қоғам ретінде мәдени дамуымыздың жоғары деңгейі болып табылатын толеренттық қасиетімізді сақтай білсек, әркімнің ішкі жан дүниесінде мейірімділік, шыншылдыық, махаббат пен сенім мәңгі қалыптаспағы шүбәсіз деп білемін.

 

-Әнгімеңізге рахмет, ылайым елімізде тек тыныштық болсын!

 

Жазып алған: Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ