11.05.2021, 11:33
Қараулар: 140
Жеңіс рухы жетелеген

Жеңіс рухы жетелеген

Қосмағанбетов Сырым Шыңғырлау ауданынан майданға аттанып, 1941 жылы Орынбор облысында әскери оқу -жаттығу курсын аяқтап, 1942 жылы наурыз айында Сакмар ауданынан майданға алынады. Брянск, Курск бағыттарында майданға кіріп, жаумен кескілескен қанды қырғында, әсіресе Шолохов селосын жаудан азат етердегі оқиғаны ерекше әңгімелеп беретінді дейді көзі көргендер. Кішкене орыс деревнясы болса да екі жақта беріспей, ұзақ соғысыпты, жаудың күші біздің совет әскерімен пара-пар болып, талай жауынгеріміз осы ұрыста жер жастаныпты. Алғаш көрген қанды қырғын болғандықтан осы оқиғаны көпке дейін жадына сақтапты. Қасындағы мерт болған, бірге соғысқан жауынгер достарына деген аяныш, қимастық сезімі, жауға деген ыза-кекпен ауысып отырыпты. Қиян-кескі ұрыстардан аман-есен шыққан сайын туған жерге деген сағыныш, жеңіске деген ұмтылыс та үдей беріпті.

Қыстың қақаған аязында мұз үстінде көз іліндіріп, талай мыңдаған шақырымды жаяу жүріп өтіпті. Жау бекінісін бұзарда, ойларындағы тек жеңіске жетсек деген арман-ой олардың қандай қиындықты да жеңіп отыруына, бойларына күш қосып, жігерлерін жасытпауға жетелепті.

Сырым ата сараң айтатын бір естеліктерінде, немістерді түре қуып отырып, жаудың Беренбург, Оденбург, Атислебен қалаларына да барып жетіпті. Қолына қару ұстаған жауынгер, көбіне-көп машина жүргізіп, оқ-қаруды жеткізуші, жауынгер мен командирлерін тасушы болыпты. Себебі соғысқа алынардағы әскери билетінде негізгі азаматтық қызметі- шофер деп жазылған еді. Әскери билетіндегі тағы бір жазба- «676 атқыштар полкінің құрамында» делініпті.

Отан алдындағы борышын адал атқарғаны үшін «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалімен, соңынан «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.

 

Айсұлу Амангелдіқызы,

Шыңғырлау ауданы