20.07.2021, 12:08
Қараулар: 71
Кіндік шеше

Кіндік шеше

Халқымыздың салт-дәстүрінде жөн-жоралғылар жетерлік. Соның бірі — дүниеге келер сәбиге кіндік шеше таңдау. Мұның өзіне үлкен жауапкершілікпен қарау, «осы әбден лайықты» деген адамды ыңғайлау маңызы терең іс болып саналған. Сәби болсақ та жадымызда сақталып қалғаны-әжелеріміз келіндері жеңілденгенде баланың кіндігін ырымдап шаңырықтан ұзатпай, табалдырық астына көмдіртіп жататын. Бұл ұл болса-шаңырақтың иесі, қыз болса-өзінің туған  ошағын ұмытпасын деген ізгі ұғымнан туындаған болса керек. Үлкендердің «табалдырықты баспа» деген тыйымы да осыған меңзелгені анық.

Ал, кіндік шешенің рөліне келсек, кезінде жас келіннің бойынан қуанышты өзгерісті байқаған сәттен, үйдің үлкендері немесе енесі кімнің кіндік шеше болатынын алдын ала ойластырып, бұл шаруаға үлкен мән бере кірісіп кетеді екен. Баланың кіндік шешесінің елге сыйлы, текті жерден шыққан, өзі де бала өсіріп отырған, ақылды да көркем мінезді адам болғанын қалаған. Бұған қоса кіндік шеше ерте таңдалып, оның өзіндік атқаратын міндеті де пысықталатын.  Яғни, кіндік шеше жүкті әйелді күтіп, жеңілденер күн келер алдында үй-жайды дайындап, толғақ қысқанда қасында болып, демеп, күш-жігер беретін болған. Сәби өмірге келгенде кіндігін кесіп, өзінің міндетін толық орындайтын да сол. Сәбидің өмірге аман-сау келгенін айтып, ұл немесе қыз екенін жариялап, ағайын-тумадан сүйінші сұрап шығады. Сәбидің мінез-құлқы кіндік шешесіне тартып жатса бұл да бір заңдылық деп білген. Сол себепті де осындай маңызды жұмысты атқаратын кіндік шешенің рөлі жоғары бағаланып, сый-құрметке бөленіп жатады.

Шыны сол, ертеректе, ауылдардың бәрінде бірдей дәрігер бола бермеген. Көбісі сол өз үйлерінде кіндік шешелердің көмегімен өмірге ұрпақ әкеліп жататын. Сәби шыр етіп дүние есігін ашқанда ең алдымен көретіні кіндік шешесі. Бұл да бір рухани байланыстың бастауы болса керек. Нәрестенің кіндігін байлай отырып, оның болашақ өміріне өз жауапкершілігі бар екенін кіндік шешелер де терең пайымдаған, жақсы адам болып өссе екен деп қолынан келген көмегін беріп, тілеулес болып жүрген.

Кіндік шешенің рөлі, бала өміріндегі алар орны туралы білім саласының үздігі, зейнеткер-ұстаз Жаңылсын Тұяқова былай дейді:

-Иә, баланың өімірінде кіндік шешенің алатын орны ерекше. Мені анам Отрадный ауылында дүниеге әкеліпті. Сірә, алдын ала дайындаған адамы болмай қалды ма, білмеймін, ауылдағы орыс дәрігер  кіндігімді кесіпті.  Уақыт өте келе тұрмысқа шығып ана болу бақыты маған да бұйырды. Енем көпті көрген, ақылы дария адам еді, тұңғышымды босанар алдында араласып жүрген, ұстаз болып қызмет ететін досымыз Төлеуғали Сағидановтың әйелі Нұрзипаның кіндік шеше болғанын қалады. Нұрзипа білімді, мінезге бай, жүрген жеріне шуақ шашып жүретін жан еді. Әрі балалары болмағандықтан соларға да жұғысты болсын деген ниетте болған болу керек. Мені қыстың боранды бір күнінде толғақ қысып, Нұрзипаға хабар жеткізілді. Тез арада келген ол баламның кіндігін кесіп, етегіне орап алған болатын. Кейін Алланың қалауы болар, олар бір қызды болды, бірақ ол жастай шетінеп кетті. Кейін ұлды болды. Бертін келе, өзім де кіндік шеше болдым. Достарымыз Қоныс, Сағира мені қалап, кіндік шеше болуыма өтініш білдірді. Бүгінде сол кіндік қызым Бибінұр өзіме тартқан пысық, әрі ұстаздық жолды таңдады. Бұдан басқа отбасылық досымыз Дінаман Әубәкіровтың Мәлік деген баласының да кіндігін кестім. Сол Мәлік баламның өзінің бес перзенті бар. Ұлы Қазақстан бойынша ҰБТ-дан кезінде 135 балл жинап, Ұлыбританияда білім алып, қазір магистратураға оқып жатыр. Жалпы , қазақта үш рет, егер одан көп болса жеті рет қана кіндік шеше болғаны дұрыс делінеді. Бұл киелі санға деген сенім-нанымға негізделсе керек. Ал, қазіргі кезде тұрмыс құрмаған қыз баланың кіндік шеше болғанын құптамаймын. Өмір көрмеген, жан-жүрегі езіліп өз бауырына бала басып үлгермеген жастар бұл жауапты қадамның байыбына бара бермейтін секілді. Негізі осындай кезде көпті көрген аналардық, ақ жаулықты әжелердің айтқандарына құлақ түріп отырған жөн болар еді.  Өзіміз үлкендердің қай айтқан сөзін де  қалт тыңдап, сөз таластырып көрген емеспіз. Қандай шешім қабылдаса да мақұл көрдік. Құрмет-сыйластығымыз да шын көңілден шықты. Сол үлкендердің батасын алғандығымыздың жемісі болар, бүгінде өзімізде немере сүйіп, бал қылықтарына тоймай отырмыз. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген  мақал осыған байланысты айтылса керек.

Ал, өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей тартқан, он баланың анасы Ұмсын Даулетқызы жастық шағын күле отырып еске алады:

— Жас кезімде бір мекемеде еден жуушы болып істедім. Оған қоса ерте барып екі пешті  жағып, қызметкерлер келгенше кеңсе ішін жылытып қоятынмын. Пештің үстіне шелекпен су жылытып, отынды күн ілгері кіргізіп қою да міндетім. Осылай жүріп балаларымды да дүниеге әкелдім. Балаларымның денін үйде босандым. Алдын ала «сен кіндік шеше боласың деп» араласып жүрген дос-жаранға айтып қоятынбыз. Бірақ, қай кезде босанарыңды білмейсің ғой, олар да жұмыстағы адамдар. Толғақ қысқан сәтте баламның ересегін әлгі кіндік шешеге жүгіртем, ол үйінде болмай қалса көршіге хабар бергізем. Кейбір жағдайда өзімнің де кіндік кескен, енді бірде кісі болмай әкесінің де өз баласының кіндігін кескен кездер болды. Қайсыбір перзенттерімді Шилінің төменгі жағында орналасқан бәлнеске барып босандым, жолдасым мотоциклмен жеткізіп үлгерген уақыттар да болды. Бір қызығы сол, балаларым кіндік шешелеріне тартып бірі жуас, бірі ісмерлікке жақын болса, өзім кіндігін кескен балаларым өзіме тартқан пысық. ешбір шаруадан қашпайтын еңбекқор. Ал, әкесі кіндігін кескен балаларым мінезге ауыр, тұйық, көп сөйлемейді. Босанғаннан соң күтініп отыруға уақыт қайда, жүгіріп жұмысқа кетесің. Ересектері кішкентайды қарап бағады, арасында жүгіріп келіп емізіп кетемін. Сөйтіп өздерін-өздері бағып, қамқорлап өсті ғой.

Шынында да, бүгінгі таңда кіндік шеше таңдалып алынғанымен олар бәлнеске барып, баланың кіндігін кесіп жатпайды. Көбіне сондағы акушеркалар өз міндеттерін атқарып, шығарар күні баланы кіндік шешенің қолына ұстатады. Негізі босанған әйелдердің кіндік шешелері келіп, сәбилердің кіндігін кескен кездер болды ма деген сауалымызды аудандық аурухананың акушеркасы, 25 жыл еңбек өтілі бар Анна Пятинаға жолдаған едік.

— Кіндік шешелердің босандыру залына келуінің өзі сирек. Серіктестік көмек деген бар ғой, жас ананың жанында болып, моралдық көмек көрсетумен шектеліп қалады көбісі. Солардың бірталайына сәбидің кіндіктерін өздері кесуге ұсыныс білдіргенмін. Бірақ, көбісі қорқады, бір жеріне зақым келтіріп аламын деп азар да безер болады. Бірақ, баланың жанында болып, анасына апарып, таныстырып жатуына қарсы емеспіз,-дейді ол.

Бес баланың анасы Ағиба Қази: — Тағы бір айта кететін жәйт, сәбидің алғашқы орайтын жаялық, керекті бұйымдарын, ит көйлегін де өзіміз тігіп апаратынбыз. Қазіргідей ас та төк шашылу жоқ, берген баталарына риза болатынбыз. Қазіргі кіндік шешелер бәлнестен шығарып алып бір жүгіреді, қырқынан шығарарда жататын төсек-орнын, коляскасын алып тағы келеді. Үй иелері де қарап қалмай кіндік шешесіне бағалы сыйлық беріп, алтыннан алқа, сақина тағып жатады. Менің ойымша баланың кіндігін өз қолымен кесіп, «кіндік балам» деп бауырына басқан адамды «кіндік шеше» деп айтқан дұрыс. Бүгінгі күні талай баланың кіндігін кесіп, оларды естеріне сақтай да бермейтін акушеркаларды кіндік шеше дегеннің жөні дұрыс бола қояр ма екен? Осының орнына баяғы кіндік шешенің рөлін қайта жандандырып, қазақы болмысқа бет бұрсақ шіркін!-деп армандап, ағынан жарылады.

Шынында, кеңес заманында дүниеге келген көп ұрпақ өздерінің кіндік шешелерінің кім екенінен бейхабар. Өйткені, кіндігін акушеркалар  кеседі, олардың аты-жөнін ешкім түгендеп те жатпайды. Оның үстіне босанушылар да көп еді ғой. Кейін үйге келген соң ауыл ішінен ырымдап ағайын-тума арасынан таңдап, көңіліміз құлаған адамдарға қолқа салатынбыз. Олар да үлкен жауапкершілікпен қарап, бала есейіп кеткенше қамқорлап, ақыл-кеңестерін беріп жатады дейді әңгімеге тартқан аналардың көбісі.

Иә, кіндік шешенің жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, қазақы болмыспен сусындаған  ұрпақтың да ұлттық дәстүрге жақын болары анық. Ендеше, сәбиді перзентханадан шығарып алуды сол салт-дәстүрлермен толықтырсақ, кіндік шешенің де рөлін жаңғыртып,  жаңаша леп беріп көрсек. Ең бастысы, бала өзінің кіндік шешесін біліп, тәлім-тәрбиесін көріп, сыйластығы жарасып, әке-шешесіне көрсеткен құрметті соларға да көрсетіп жатса ғанибет емес пе? Кеңестік дәуірде  үзіліп қалған дәстүрді қайта жандандырып, ұлттық құндылықтарды  дәріптеуге ат салысып, кіндіктің киесі мен оның қадір-қасиеті туралы бүгінгі ұрпақтың жадына құйып өсірсек, кіндік қаны тамған жерден алысқа ұзап кетпейтін, туған жерінің ертеңін жарқын қылатын намысшыл да жаужүрек ұрпақ көбейеріне сенеміз.

Гүлшат БОТАНОВА