11.05.2021, 11:36
Қараулар: 72
Москваны қорғағандардың бірі

Москваны қорғағандардың бірі

Нығметолла Хангерейұлы Өтениязов 1917 жылы 15 қазанда Ақбұлақ селолық кеңесіне қарасты «Еңбек» колхозында дүниеге келген. Әкесі Хангерей мен анасы Күнжамила шаруа адамдары еді. Орта білімі бар Нығметолла 1939 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институт жанындағы педагогикалық рабфактың толық курсын бітіріп алады. Мұғалімдік қызмет атқарып жүрген шағында Кеңес әскері қатарына шақырылып, Сібір әскери округінің 3 атқыштар батальонының 561 атқыштар полкінде қатардағы атқыш, онан соң соғыс басталғанға дейін B.Ленин атындағы Ташкенттегі Орта Азия әскери округіне қарасты әскери-жаяу училищесінде курсант болады. Соғыс қызу жүріп жатқан шақта Н.Өтениязов әскери білімі бар маман болғандықтан Орталық майданның 16 армиясының 40-шы бөлек әскери бригадасының атқыштар взводының командирі қызметіне жіберіледі.

  1941 жылдың желтоқсанын майдангерлер ешқашан ұмытпас. Бұл ел жүрегі болып саналған Москваға қауіп төніп тұрған шақ еді. Мұздай қаруланған фашистер көктен ұшақтарын, жерде жаяу әскерін, артеллерия мен танкісін қаптатып Москваға бағыт алған еді. Жау Москваны алсақ болды, бүкіл Кеңес елі тізе бүгеді деп әлдеқашан шешіп-пішіп қойған болатын. Барлық күштің осы бағытқа жұмылдырылғаны да сондықтан еді. Бірақ олардың ойлары жүзеге аспады. Кеңес әскерлері бір сүйем жер үшін табандап тұрып алып, кескілескен шайқастар жүргізді. Бұл кезекті ұрыстардың бірі еді. Қаруластарымен бірге ұрандатып, өзгелерге жігер, дұшпандарға айбат көрсете алға ұмтылған Нығметолланың басына зулаған оқтың бірі келіп қадалды. Қатты жараланған ол Горький қаласындағы госпитальге жеткізіледі. Осы жерде 41-дің желтоқсан айынан 42-нің сәуір айына дейін ем алған соң қайтадан өз бөліміне жіберіледі. Соғыс аяқталғаннан кейін де ол Түркістан әскери округіне қарасты 32 Батыс атқыштар дивизиясының 209 запастағы атқыштар полкінің атқыштар взводының командирі шенінде қызмет атқарып, елге 1945 жылдың қарашасында оралады.

    Соғыста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін «Москваны қорғағаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медалдарымен марапатталады. Елге оралған Нығметолла Өтениязов өзгелер сияқты шаңырақ көтеріп, жары Асыл екеуі екі қыз баланы өмірге әкелді. Соғыстан кейін мектепте мұғалім, басқа да жұмыстардың бел ортасында болған ол өзінің тындырымды да байсалды болмысымен ауылдастарының сый -құрметіне бөленді.

Гүлшат БОТАНОВА,

Шыңғырлау ауданы