19.07.2021, 12:05
Қараулар: 110
Сіз құрбан шаласыз ба?

Сіз құрбан шаласыз ба?

Мұсылман жұртшылығының тағы бір маңызды мерекесі-Құрбан айтқа да санаулы күндер қалды. 20 шілдеден басталып үш күнге созылатын айт күндерінде  жұртшылық малым-жанымның садағасы деп құрбандыққа мал шалып, Құран оқытып, кедей-кепшікке, жоқ-жітік жандарға қарайласып жатады. Ауданымызда өткен жылы індет белең алып тұрған шақта көптеген аудан тұрғындары қайырымдылықпен айналысып, атаған малдарын аудандық мешіт жанындағы арнайы орында сойдырып, мұқтаж жандарға апарып табыстаған болатын. Биыл да ауданымызда  сол шектеу шаралары жалғасып, Құрбан айт күндері де санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қойылуда. Үйге кісі шақыру, садақаларды шектеу қатаң ескертілуде. Ал, құрбандық шалып, оны мешітке көмек сұрап келген жамағатқа үлестірем деушілерге құп делінбек.

«Карантин жағдайында жамағат үшін қашықтықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс беру – оңтайлы шешім. Шариғат бойынша адам өзінің атынан басқа кісіні белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені адам баласы кейбір жағдайда бір істі орындауға мүмкіндігі болмай қалады. Осы кезде біреудің көмегіне жүгінеді, яғни сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді. Биыл да осы үрдісті жалғастырып, мұқтаж жандарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қайырымды іспен қарайласып, сонымен бірге спорттық шараларды да өткіземіз», — дейді аудандық мешіт имамы Еламан Байәділ.

Онлайн тапсырыс беру кезінде құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстарына мешіт ұжымы ат салыспақ.

Осы орайда мешіт имамы құрбан шалу кімге уәжіп екенін тағы бір мәрте еске салды. «Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет). Алла Тағалаға жақын болу үшін, күнәлары кешірілуі үшін, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір еті үшін, байй мен кедейге кеңшілік жасау міндеттелді».

 

Десек те,  айт күндері құрбан шалатын отбасылар көбеймесе азайған жоқ. Аудан тұрғыны Ғалым Даулетқайырұлы: «әке-шешем көзі тірісінде Құрбан айт, Ораза айт сынды қасиетті мерекелерді атаусыз жібермейтін. Мал сойылып, жақын маңдағы көршілерді түгел шақыратын. Бұл үлкен маңызды іс болып табылушы еді. Көшедегі тұрғындар айтқа шақыруға кезекке тұрып, осы мерекеден тыс қалмауға тырысатын. Сол дәстүрді біз де іліп алып кеттік. Әке-шешеміздің көзін көргендерге Құрбан айт дастарханынан дәм таттыруды күні кешеге дейін үзген жоқ едік, бірақ мына індет үлкен кедергі келтірді. Соған қарамастан өткен жылы құрбанға шалған малдың етін жоқ-жітік жандарға үлестердім. Биыл да осылай жасап, сойылған малдың етін мұқтаж жандардың үйіне таратамын»,-дейді.

Иә, қандай қиын-қыстау кез болса да тығырықтан шығар жол таба білген халықтың ұрпағымыз ғой. Ендеше, еліміз аман, бала-шағамыз қауіп-қатерден аулақ болсын деп құрбандық шалып, марқұм ата-анасының аруақтарына Құран бағыштап,ізгі амалдармен айналысқалы отырған жандарға «бәрекелді!» дейміз.

Айтпақшы, осы мақаланы жазу кезінде әлеуметтік желіде бір азаматтың еліміздің Маңғыстау, Атырау облыстарында халықтың ақ адал малының ауа райының аптап ыстығына байланысты әрі жем-шөптің таршылығынан, кеуіп кетуінен шығынға ұшырап жатқанын, сол себепті ел-жұрт болып құрбандыққа арнаған малдарын сатып, сол қаражатты  зардап шегіп отырған жұртшылыққа көмек ретінде берейік деген үндеуін тыңдадым. Бұл да ой салар ұсыныс. Ағайын-бауырға осылайша қол созамыз дегендер болып жатса Жаратушы Иеміздің өзі де құптайтын болар деп ойлаймыз. Сол себепті, әрқашанда бір-бірімізге қарасып, ізгі амалдарды көптеп жасасақ бұл да мұсылмандық парыздардың бірінің өтелгені болып табылмақ.

Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ