3.11.2021, 10:17
Қараулар: 52
         Қос қуаныш – қос үміт сыйлаған

         Қос қуаныш – қос үміт сыйлаған

Өмірге егіз алып келу, оларға күтім жасап, бағып-қағып өсіру оңай шаруа емес. Егіздер екі есе қуаныш сыйлағанымен, анаға да осындай балаларды өсіру үшін екі есекүтім қажет. Ананың күнделікті тамағы қажетті микромакроэлементтерге бай болуы шарт,  ұйқысы мен жүйкесі де қалыпты болуы керек-ақ. Бірақ, егіз бала бағатын аналар бұл қағидаларды көп жағдайда сақтай алмайтыны да белгілі жәйт. Егіз қылық, егіз талап, егіз қызығушылық отбасы мүшелерінен де екі есе көңіл бөлуді талап ететіні заңдылық. Тіпті балаларға киімді бірдей етіп алу, бірдей ойыншықтарды тауып беру, бірдей сөмке ұстатып, бірдей велосипед қалауына түсіністікпен қарау үлкен сабырлылықты, шыдамдылықты талап ететіні түсінікті.  Жалпы дүние жүзі бойынша 70-80 млн-ға жуық егіздер өмір сүріп жатыр екен. Ал, Қазақстан дүниеге егіз бала әкелу көрсеткіші бойынша әлемде 48 орында тұр. Өткен жылы елімізде егіз бала тапқан аналардың саны 3 мыңнан асқан көрінеді.  Дәрігерлердің айтуынша, әйел неғұрлым көп бала дүниеге әкелген сайын оның егіз табуға деген мүмкіндігі де жоғарылай түспек.

Біздің ауданымызда да егіз бала дүниеге келген отбасылар баршылық. Осы жерде туып, бүгінде тіпті өздері де ата-ана атанып отырған Асхат-Армат және Әсет-Әділет Кабуловтар, Айман-Шолпан Қасимоваларды жұртшылық жақсы біледі. Бір қызығы, өздері егіздер болғанымен әзірге балалары жалқыдан. Ардақ ауылдық округінде өмірге келген Әсет, Азат Мұханбетқалиевтар да  есейіп өмірден өз жолдарын тапқан.  Қарағаштық Дархан,  Даурен Қуанышқалиевтердің де есімдері жұртшылыққа жақсы таныс.Сол сияқты отбасына шексіз қуаныш әкелген сүйкімді бойжеткендер Ақбұлақ ауылында дүние есігін ашқан,  бүгінде студент атанған Айжана, Гүлжанат Бекеевалар.Ал, Азамат және Динара Бисембаевтардың отбасында дүниеге келген егіз қыздар қазіргі таңда мектеп оқушылары. Ащысайлық Азамат пен Мария Ислямғалиевтардың жанұясындағы екі ер бала да үйдің ішін базар қылған бүлдіршіндер. Сол сияқты Асхат және Гүлдаурен Нысановтардың екі ұлы да бірі өжет,  бірін-бірі іздеп тұратын тәтті бөбектер. Қылықтары ылдым-жылдым, үнемі алысып-жұлысып ойнаудан шаршамай алысып-тартысып жататын Алаш пен Әлиханның отбасы шаттығын шалқытуда.«Негізі 2019 жылы ауданымызда көп отбасында да осындай егіз сәбилер дүниеге келген еді. Қазіргі күні балаларым пысып, балабақшаға барып жүр. Екеуі де тамақты жақсы жейді, баққандары ойын»,-деп күледі әкесі Асхат.

Кішкентай сүп-сүйкімді егіздерді ауыл ішінде, балабақша төңірегінде жиі көзіміз шалып қалып жатады. Қылықтары балдан тәтті, әп-әдемі болып киіндіріп қойған оларды көрген кезде егіз қуаныш күнде үйлерінде асыр салып жатқан отбасылар қандай бақытты деген сүйінішті ойға берілесің.

Ақшат ауылдық округінің тұрғындары Қарабаев Азамат пен Сарқұлова Нұршаттың үйіндегі егіз қыздың дүниеге келуі күтпеген қуаныш болған. «-УЗИ-ге түсуге барып, осы жаңалықты естігенде жылап жібердім. Қалай бағамын деп. Маман дәрігер мені жұбатып, балаларың қолқанат болады ғой, әлі-ақ қиналғаныңды ұмытып кетесің деп  жұбатып жатыр, сол рас екен. Ересек болып қалған балаларым — Айсұлтан, Ақерке, Ақбота, Темірлан бөпелерін бағып-қағып, әжептәуір қолымдыұзартты»,-дейді Ақжан, Гүлжан есімді егіз қыздардың анасы Нұршат. Нұршаттың өзі де егіздің сыңары екен. «Қыздарымның қылықтары да екі түрлі, Ақжаным-пысықтау, өжеттеу әрі жыбырлақ, ал  Гүлжаным тыныш, өзімен өзі болып ойнай береді. Музыка қосылса екеуі де билеп, аяқтарына қуыршақтарын салып тербетіп, әлди айтады»,-деп күледі анасы.

Тағы бір ақшаттық тұрғындар Салихов Омархан мен Қосаева Әлияның отбасындағы сүйкімді Аяна, Аяла есімді егіздер де бүгінде екі жастан асты. Тәтті тілдерімен, бал қылықтарымен күніне сан мәрте қуантатын балбөбектердің қылықтары да әр түрлі

Ал, аудан орталығында тұратын Толқын Базарғалиева да егіз баланың анасы болатыны туралы есту күтпеген жағдай екенін күле отырып айтады. Алғашында ол да  уайымдап, қайтіп аман-сау өсіремін деп ойлай бердім дейді. Отбасы мүшелері, жолдасы, бұған дейін өсіп қалған ұл-қыздарының көмегінің арқасында Дастан мен Досхан бүгінде балабақшаға барып жүр. «Екеуі бір-бірінсіз тұра алмайды. Ойыншықтарын да таласып-тартыспай бөліседі. Дастан жай, сабырлы, қазірдің өзінде үш тілде білгенін айтып сөйлейді. Ал, Досханның тілі сәл болса да ертерек шықты, жалпы қай жағынан да ол бірінші. Егер біреуі ауыра қалса, екіншісі соны сезінеді. Жалпы, егіздерді бағудың түк қиындығы жоқ екен, олар бір-бірімен алданып ойнап, тамақтарында бірге жарысып ішеді»,-дейді жүзінен мейірім шуағы төгілген Толқын.

Отбасыларында егіз балалардың әке-шешесі атанбағы Жасқайрат Гаппаров пен зайыбы Динара  үшін тосын жаңалық болған. Өздері жас отбасы, білгенінен білмейтіндері көполардың алғашында абдырап қалғандары да рас. Бірақ мамандығы дәрігер Жасқайрат зайыбына көмектесе жүріп, өмірге келген ұл мен қызды бірге тәрбеиелеп, өсіріп келеді.

Николай Губенко мен Әсемгүл Шурманова да егіз қыздың ата-анасы. Мария мен София есімді сүйкімді қыздар түрлі қылықтарымен күніне сан мәрте қуантады. «Егіздер туралы естігенде аса бір уайымдаған жоқпын. Өсе келе енді міне, мінездерін байқатып жатыр.Мария- өзіне көңіл аударғанды жақсы көреді, сабырлы, тілі де тез шықты, музыканы жақсы көреді, білуге құмарлығы басым. Ал, София болса кішкентайынан тамақсаулау болды, пысықжәне біреуге көмектесіп жүргенді жақсы көреді, кішкентай болса да жанашырлығы басым. Үйде де қай заттың қай жерде тұруы керегін қадағалайды. Менен гөрі әкесіне жақын, әрі тілі де қазақшаға бейім. Мен екі қызымды да бесікке салдым, оның пайдасын әркім де білсе керек, әрі жылы, әрі таза, тамағын беріп, тербетсең томпиып ұйықтай береді ғой»,-дейді Әсемгүл.

Ал, Орал қаласынан ауылға келген Айым мен Асылдың ата-аналары Еркебұлан мен Райхан Алжановтар үшін отбасындағы бұл еркетотайлардың орны тіпті бөлек. «Мінездері де әртүрлі. Мәселен, Айым сәнқойлау, киімді үйлестіріп кигенді жақсы көреді, айна алдында тұрып боянуға әуес, өзі нәзік. Асыл дүние есігін бірінші ашқандықтан ба екен, пысық, ер балаға ұқсас, ұрып та жібереді, қасындағыны үйретіп жүргені. Тіпті жүрісі де ұл бала сияқты»,-деп күледі анасы Райхан.

Тәтті балақайлардың күнделікті тірлігін айтқан ата-аналардың әңгімесі көңіліңді жадыратып, жүрегіңе ерекше бір  жылылық құяды екен, тіпті осы сәтте дүние де ерекше нұрланып кететіндей.

Иә, шаңырақтың шаттығын еселеп, ана-анасына үкілі үміт сыйлаған бүлдіршіндердің қанаттары қатайып,  болашақта егемен еліміздің беделін екі есе асқақтатар егіздер аман болсын деп тілейміз.

                                                                                           Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ