24.07.2021, 15:47
Қараулар: 86
      Ақбұлақта өткен шара

      Ақбұлақта өткен шара

Ел ішіндегі індетке қарамастан мұсылман жұртшылығының басты мерекесі Құрбан айт Ақбұлақ ауылдық округінде де аталып өтті. Жан-жақты ойластырылған спорттық шара сонымен қатар ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына да арналды. Гір  және қой көтеру, қол күресінен өткен бәсекелер барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталды.

Шараны ашқан ауыл әкімі Светлана Байтенова ақбұлақтықтарды айт мерекесімен құттықтап, елімізде амандық болып, әр отбасынде тек жақсылықтар орын алсын деген тілегін арнады.

Ақбұлақ ауылында спортты дәріптеп жүрген, өзі де салауатты өмір салтын ұстануда үлгі көрсетіп келе жатқан спорт әдіскері Мейірман Мендалиев  сайыстың өз дәрежесінде өтуіне ерекше мән берді. «Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған әр спорттық шараға ауылдастар әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Ал бүгінгі мерекелік шараға «Құрманғалиев» ШҚ басшысы Ерболат Құрманғалиев, «Бердібай Бекзат» ШҚ басшысы Мақсат Хаятуллаев және Жасұлан Қабидулиев сынды қайырымды азаматтар қолұшын созып, демеушілік жасады», — дейді ұйымдастырушы Мейірман.

Ауыл жұртшылығы қой көтеру сайысда өз күштерін, дайындықтарын көрсетіп, тиісінше жеңіске жеткен Ержан Бекеновке, Нұрболат Сатаевқа,  Нияз Нұрбекұлына үлкен қолдау білдірді. Жалпы, Ақбұлақ ауылында гір спорты жақсы дамыған. Оған спорттың осы түрінен жарыс тұғырынан көрініп жүрген жастардың жеңісі дәлел. Бұл күні де 16 кг гір көтеруден оқушылар Арман Филанов, Бекзат Сапаров, Бекзат Қабидулиев жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, 24 кг гір тасын көтерген ересектер арасынан Руслан Бисенғалиев,

Ерлан Хасенов, Төлеген Дербісалиев өз баптарында екендіктерін паш етті.

Қол күресінен өткен сайыста да жанкүерлер аз болмады. Өздерінің білек күшін көрсеткен

Руслан Жупиев, Армат Сәлімгереев және Ерлан Хасенов жұртшылықты тәнті ете білді.

Жүлделі орындарға ие болған қатысушылар арнайы дипломдармен, медальдармен, сертификаттармен марапатталды. Шараны ұйымдастырушылар қай кезде де ортақ шараға қолұшын созып, азаматтық танытып келе жатқан шаруашылық басшыларына, қайырымды жерлестеріне алғыстарын білдіріп, разы болысты.

Айттаған ауыл жұртшылығы осы күні әр таңымыз тыныштықпен атып, әр жанұя аман оянса екен деген ақжарма тілекпен тарқасты.

                                                                                            Гүлім ШЫНТАС