23.07.2021, 15:46
Қараулар: 39
        Жерлестеріміз жүлдегерлер қатарында

        Жерлестеріміз жүлдегерлер қатарында

Жуырда Орал қаласында тірек-қимыл аппараты зақымдалған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында Батыс Қазақстан облысының VI Спартакиадасы өткізілді. Жарыстың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды бұқаралық спортқа көптеп тарту, спорт мәдениетін қалыптастыру. Аталмыш сайыс үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында өтетін VI республикалық спартакиадаға іріктеу болып табылды.

Спорттық шараға 10 аудан және Орал қаласынан командалар қатысып,  нәтижесінде Шыңғырлау ауданы командалық есепте бесінші орынға ие болды.

Спартакиада үстел теннисі, жеңіл атлетика, дойбы, тоғызқұмалақ және шахмат сынды спорт түрлерінен оздырылды. Жерлесіміз Берік Мұханов жарыста төрт спорт түрі бойынша жүлдегер атанды, атап өтер болсақ, найза мен диск лақтыру, ядро итеруден  ІІ орынға, үстел теннисінен ІІІ орынға ие болды. Ал, Арман Сандыбаев найза лақтырудан ІІІ орынды, ұзындыққа секіруден ІІІ орынды қанжығасына байлады. Жалпы командалық есеп бойынша жеңіл атлетикадан Шыңғырлау ауданы командасы ІІ орынға табан тіреді.

                                                                                                              А.ЛЕКЕР