8.09.2021, 9:56
Қараулар: 82
Белогордың белесінде талай із бар

Белогордың белесінде талай із бар

Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30-ға жуық жыл өтті. Осы уақыт аралығында елімізде айтарлықтай өзгерістер орын алғаны рас. Бірнеше ондаған жылдар артта қалып, тарих тоғысында, бірде қиын, бірде мамыражай жарқын кезеңдер алмасып отырды. Еңбек ете білген бәрін жеңбек демекші, кеңестік үкіметтің, компартияның ұранымен қажырлы еңбектеніп, толағай табысқа қол жеткізген, ел байлығын еселеген қазақстандықтардың тарихтан ойып алар орны бөлек. Себебі, мыңғырған мал бағып, дала төсінен әлемде жоқ бидай өндіру тек біздің қазақстандықтардың маңдайына бұйырғаны даусыз. Сол кездегі еңбек адамына деген құрмет те ерекше болды дейді көз көргендер.

Өкінішке орай, осы 30 жыл аралығындағы өмір-өзеннің ағысымен алға жүзген, өткенде айта жүретін аға буынның бүгінде қатары азайған. Әйтсе де, олардың ерен еңбектері, өңіріміздің дамуына қосқан орасан зор үлестері ұмытылмақ емес. Сондай-ақ, қарапайым құрылысшылардың қолымен мындаған мектептер бой көтерген, әлеуметтік сала нысандарының құрылысы да қарқынды жүрген. Ауылдағы еңбек еткен мұғалімдер, шопандар мен механизаторлар және көп балалалы отбасыларына берілген тегін үйлер де адам қолымен салынған.

Сөзімізге негіз болсын, ауылдық мекендердегі құрылыс саласының басы-қасында жүріп, осыдан отыз жыл бұрынғы еңбек қарқынына және де ауылдардың экономикалық-әлеуметтік дамуына өз үлесін қосқандардың бірі, аға буын өкілі Сағынғали Имашевтың естеліктерін тыңдап, оны қағазға түсіруді парыз деп білдік.

Сағынғали Бисенғалиұлы — ауданымыздың құрметті азаматы, ҚР құрметті құрылысшысы, құрылыс саласын жетік білетін, әрбір мекеме, үйдің сызбалары қолынан өткен үлкен әріпті архитектор-сәулетші. Бұл саладағы қызметін зейнет жасына келсе де, әлі қалтқысыз атқарып келеді.

Жан рахатын жұмыстан табатын, өз ісіне деген адалдығы өз алдына, жастарға ақылшы болып табылатын Сағынғали Имашев 1977 жылдан бастап 1992 жылға дейін қазіргі Ақтау деп аталатын, Белогор совхозында еңбек етті. Жәй ғана еңбек ету емес, сол совхоздың дамып-өркендеуіне, әсем ауылға айналуына терін төгіп, ғұмырының көбін осы жерге арнады.

Тумысынан еңбекқор жан Белогор совхозының нағыз гүлденген дәуірін көз алдынан өткізген. Күн санап бой көтерген Белогордың өткені мен бүгінін жаңылыспай айта алатын жан.

«1977 жылдың 10 шілдесінен Белогор совхозына аға прораб болып жұмысқа орналастым, былайша айтқанда құрылыс учаскесінің басшысы болдым. Алдыма үлкен мақсат қойып, жұмысты тиімді еңсеруге тырыстым. Айлап, жылдап жап-жаңа үйлер қаз-қатар тізілді. Совхоздың мал қораларына арналған үлкен нысандар салына бастады. Оқушы санының жыл санап өсуіне байланысты совхоз орталығында 564 орындық үлкен мектеп салынды. Мектеп құрылысы 1977 жылы басталып, 1980 жылы қолданысқа берілді. Ал 1983 жылы ауылға таза ауыз су жүргізіліп, әр көше сайын колонка қойылды. Ол кезде адамдар саны бұл округте 2000-ға жуық болатын. Пятилетка, Марксизм деп аталатын және совхоз орталығында тағы бір бөлімшесі болды. Тұрғындардың жаңа заманға бейімделіп, тұрмыстары түзеліп келе жатқан жылдар еді. Белогор негізінен астық совхозы болатын, сол жылдардағы бидай шығымы баршаның есінде шығар. Ал, біздің міндетіміз ауылдың әлеуметтік саласын дамыту. Соған зор күш салып, адамдардың тұрмысын жақсартуға үлес қостық, нәтижесінде 15 жыл ішінде 200-ге жуық тұрғын үй салынды.

1990-1991 жылы үлкен 300 орындық мәдениет үйі бой көтеріп, ауыл халқы қатты қуанды. Тұрғындар өте ұйымшыл әрі еңбексүйгіш еді. Жұмыстың жеңіл-ауырын таңдап тұрмайтын, қайда жұмыс қолы жетпесе сонда баратын. Әсіресе, астық жию кезінде адамдардың барлығы осы жұмысқа жұмылдырылатын. Себебі, астықтың көптігі сондай, күні-түні әрі-бері ағылған мәшинелер астықты ауданға, одан әрі облысқа тасымалдайтын. Адамдар далада, қырманда үнемі екі ауысыммен жұмыс істейтін. Қайда қарасаң да қызу еңбекті көрдік. Астықты өзімізде тазарту үшін біз бірнеше мехтоқ, үлкен астық қоймасының құрылысын да салып бітірдік. Сонымен қатар, малшы-шопандарға арналып 20-ға жуық мал қоралары-үлкен баздар тез арада бой көтерді. Сол кездегі совхоз директоры Ибраш Аринжановтың іскерлігі, ұйымдастыру қабілетінің арқасында Белогор совхозы ауданымызда ең озық совхоз болды. Совхоз игілігінде 30 000 гектар егістік, 5 мыңға жуық ірі қара, 30-35 мың шамасында қой бағылып, 300-дей жылқы малы өсірілді»,-дейді С.Имашев.

Сағынғали Бисенғалиұлы совхоздың даму жолында талай қиындықтардың да болғанын жасырмайды. Алғашқы жұмыс күні-ақ байқағаны-совхозда құрылысшылар жоқтың қасы екен. Қажетті мамандар басқа жақтан, маусымдық жұмысқа келушілер болып шыққан. Мысалы, баздарды тек қана шешендер немесе дағыстандықтар салады. Оларға алыстан келгені үшін жол ақысы, жатын орны мен тамағына тағы төленеді. Неге бізде өзіміздің құрылысшылар жоқ деген ой оған маза бермейді. Ойластыра келе ауылды аралап шығып, сайдың тасындай шымыр жігіттерді 1980 жылдын басында жинап, әр қайсысы 5 адамнан тұратын 2 құрылысшылар бригадасын жасақтайды. Уақыт өте келе олар әбден ысылған, тәжірибелі құрылысшыларға айналады. Оған жастар қосылып, көбейе түседі. Ең алғашқы белогорлық құрылысшылардың өздері қазіргі таңда зейнет жасындағы адамдар. Атап айтсақ, Жәрдем Айманғалиев, Хамидолла Шайымбетов, Мақсот Төреғалиев, Кайрат Ерғалиев және тағы басқалары. Ал, балшық майлайтын, сылайтын М. Мұхамбетиярова, М Есқалиева, А. Бискалиева, С. Каиргузина  және тағы басқалары өз істерінің шебері атанғандар еді. Тіпті белогорлық балшық майлау әдісін аудандағы әріптестеріне үйреткен кездері болыпты. Учаскеде ағаш жонушы, ағаш ұстасы Н.Калашников, Ю. Чупронов, С. Даулетқалиев болса, ал Ю. Малухин, М.Рауилов сынды жігіттер пилорамада жасайды. Жаз айында құрылыс жұмысына деген адамдардың ынталары артып, 200-дей ауыл тұрғыны осы жұмысқа тартылыпты. Тас күйдіріп, қызыл кірпіш дайындау әдісін де үйренген.

«Құрылыс жұмысына Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен студенттер көмекке келетін ол кезде. Табысы жақсы, әрі олар еңбекке араласуға мүмкіндік алатын. Соңғы жылдары (1989-1990 жылдары) өзіміздің Орал педагогикалық институтының студенттері келген-тұғын. Оларды жерлесіміз Аманғали Алмағамбетов бастап алып келіп жүрді. Олар салған үйлер совхоздың 3-ші бөлімшесі саналатын Пятилеткада болды»,-деп сағынышпен еске алды сол кездерді еңбек майталманы.

Жан-жақтылығымен жұмысты дұрыс жолға қоя білген прораб Сағынғали Бисенғалиұлы құрылысшылардың қыс бойы да жұмыссыз жатпағандығын айтады. Арнайы бригада жасақтап, Сібірден ағаш тасыпты. Свердловтан, Бурятиядан, Амур обылысынан біздің жерлестер қараша айынан бастап науырыз айына дейін ағаш дайындап, оны ауданымызға жеткізіп тұрыпты.

Міне, бұл Белогор совхозының 30 жыл бұрынғы естеліктерінен шағын үзінді. Совхоздың тек бір ғана саласының жәй-жапсары. Елімізді көркейтуге құрылыс атты күрделі саланың қажеттілігі әбден көрініс тапқан жылдар еді. Өткенді еске түсірсек-қатар  тізілген  жап-жаңа  тұрғын үйлер, сарғыш-қоңыр түсті сырдың иісі шығып тұратын мектептер, аппақ жұмыртқадай шағын ғана балабақшалар көз алдымызға келері анық. Әсіресе, қабырғасы жаңа майланып, төбесіне салған ағаштың иісі аңқып тұратын нысандар келмеске кеткендей. Себебі, қазіргі нысандардың салу технологиясы да, құрылыс материалдары да мүлдем өзгеше, заманауи. Әйтсе де, мақсат — мүдделерін біріктіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған сол кезеңдегі еңбек адамдарының жігерлілігі мен еңбекке деген құлшыныстары мүлдем өзгеше еді. Сол бір қасиеттерінің арқасында еліміз қазіргідей заманға жетті. Инновация деп талай жаңашылдыққа ендік. Интернет деп ең бір оңайлатылған үрдістерді пайдаланудамыз. Бірақ, отыз жылдың үлесіндегі жасалған жұмыстарды екі қолмен атқарған қарапайым ауыл тұрғындары  екендігін ұмытпауға тиіспіз.

Айсұлу АРЫСТАНОВА