4.08.2021, 15:17
Қараулар: 97
Челленждің де мағыналысы бар, өміршең еместігі болмаса

Челленждің де мағыналысы бар, өміршең еместігі болмаса

Әр жылы жаңа идеялар, бастамалар бастау алғанмен, бірнеше айдан немесе жылдан соң қызығы су сепкендей басылып қалатыны өкінішті. Қайбір кездері әлеуметтік желіні шулатып, сенсация жасаған челлендждердің қызығы болса әлі күнге дейін басылар емес. Осы уақытқа дейін челлендждердің түр-түрін көріп, қатысқанымыз да бар шығар. Бірақ бұл бастамалардың да рухани құндылыққа, ізгі ниетке толы түрлері бар, алайда челлендждер арасында тек мағынасыз, мәнсіздері ғана әлем бойынша кеңге таралып, әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Естеріңізде болса 2014 жылдары «өз үстіне салқын су құю» челленджі кең ауқымды қамтыған болатын. Әлемнің түкпір-түкпірінен түсірілген сан түрлі видеолар барлығымыздың ұялы телефонымыздан ойнатылып, өз елімізде де орын алып жатты. Бұл челлендждің танымал болғаны соншалық көгілдір экраннан да беріліп, кей шоуларда айқын көрсетілді. Аталмыш челленджді Facebook әлеуметтік желісінің өзіне ғана 17 миллион адам түсіріп, жүктеген екен, ал қаралым 440 миллионға дейін жеткен. Одан бөлек миға қонымсыз челлендждер де кеңінен таралды. Мысалы камераға қарап бір құты ұнтақталған даршын немесе ащы бұрыш жеу, ауызға тамақ толтырып сөйлеу, бетке 100 қабат тоналды крем жағу сынды ерекше видеолар көрермен ықыласын жаулады. Бір түрлі болса да ерекше екен. Бұдан бөлек те көрермен жүрегіне жол таба білген қызықты челлендждер бар. Мысалы, 10 жылда қалай өзгергеніңізді әлеуметтік желіге салып, оқырманмен бөлісу. Жоспар бойынша кішкентай кезіңізде түскен суретті айнытпай қайталап түсу қажет. Сүйкімді естеліктер ғой, солай емес пе? Сонымен қатар көрермен жүрегін ерекше жаулаған хит-челлендждің бірі – бет-әлпетіңді онша емес қылып бояу, ескі киім кию арқылы  түсіріп, кейін әдемі жүзіңді көрсету болып табылады. Қарапайым тілмен айтқанда, өзіңнің онша емес және әдемі түріңді елге паш ету. Мұның барлығын кім және қалай ойлап табады екен, иә? Таңымызға орай, әлеуметтің мұндай видеоларға деген қызығушылығы зор. Жаңа челлендж шықса болды, әрбірі қайталауға тырысып бағады. Бірақ маңызы зор челлендждерді қайталауға ешқайсысы асық емес. Мысалы, 1 аптада 1 кітап оқып, кітап жайындағы ойымен, әсерімен бөлісу арқылы досыңа жолдау, көше бойындағы қоқысты жинап, көршіңе, тұрғындарға жолдау, жаңа рецеппен тағам пісіріп, өзгеге жолдау сынды видеоларды көрейін деп арнайы хэштегке өтер болсақ,  100-ге толар толмас жариялым көреміз, кейді тіпті одан да аз. Оның үстіне әр видеоны ашып қарар болсақ 70-80%-ы мектеп оқушылары. Мұғалімдерінің тапсырамаларын орындап отыр ма, әлде байқау ма, кім білсін…

Ауданымызда да бір жылдары ағаш егу челленджі орын алған еді. Осындай игі істердің бастау алғаны қуантады, әрине, тек бір лептен кейін судай басылып, ұмытылып кететіні өкінішті. Дәл осындай мәселе қоқыс жинауда, тарихты дәріптеуде, ауыл-аймаққа қол ұшын тигізуде көрініс тауып отыр. Бұл халықтың дәстүрімізге, мәдениетімізге, тарихымызға деген қызығушылығының, аудан өміріне деген жанашырлығының аздығын, елге деген немқұрайлылығын көрсетеді. Алайда еліміздің қай өңірінде болмасын үнемі қолдауға ие болатын челлендж түрлері бар. Ол – қайырымдылық челлендждері. Көмекке мұқтаж жандарға, сәбилерге көмек көрсетуге біздің халық аянбайды. Халық қолдауымен қажетті қаражатты жинап, дәрігерлік көмек алған, үй алған, материалдық көмектер алған жандар жетерлік. Мұның барлығы  халқымның кең жүректі, мейірімді халық екендігінің дәлелі. Жақында аса шұғыл көмекке мұқтаж болған Ақсайлық Эмирға халқымыз толық соманы жинап беріп, Эмир арнайы екпесін алған болатын. Қазіргі таңда жерлесіміз Никитаға да дәл солай көмек қолын созып жатқандар аз емес. Мұндай шараларға атсалысып, қатысу – белгілі бір тараптан, бастау алған жақсылық челленджіндей. Қатысып қолдау білдіру де, мән бермей, көз жұму да – сіздің таңдауыңыз.

Мағынасы да, мәні де жоқ челлендждерге уақыт бөліп, деградацияға жол бергенше, рухани байып, еліңе пайда тигізгенге не жетсін.

 

Айбарша АЙМЫРЗАҚЫЗЫ