10.07.2021, 11:30
Қараулар: 20
Ұлағат иесі

Ұлағат иесі

Ұстаздық- ұлы қызмет! Ұлтты тәрбиелеудің салмағы әлімсақтан бері абыздар, ойшылдар, ғұламалар мен данышпандар, ұстаздардың иығына түсіп келеді. Надандықты жойып, адамзат баласын өркениетке бастаған қадамдар ұстаздар қолымен жасалды. Адам санасына ілім мен білім, ғылым еккен ұлы ұстаздар алдында жаһанның өзі қарыздар.

Хош делік…! Осынау жолды табиғаты таңдаған жанның бірі Қожахметова Клара Жантөреқызы болатын. Осы Шыңғырлаудың Ащысай ауылында дүниеге келген Клара Жантөреқызы 1958-1968 жылдары ауданның Белогор (қазіргі Ақтау) ауылдық мектебінде оқыды. Білімге зейінді қыздың кейін Қазақстан, жалпы Кеңес Одағына белгілі ғалым- ұстаз боларын ол тұста ешкім білмеген- тұғын.

Иә, заманалар дүбірі, өзге өркениеттер ықпалы қазақы болмысымызға өз өзгерістерін енгізді. Тарихымыз бұрмаланып, ұлттық құндылықтарымыз көмескіленді. Тіліміздің өзі өз статусын ала алмады. Еліміз бойынша ана тіліндегі мектептер саны күрт азайып кетті. Мұның бәрі ұлтымыздың ұлттық санасының қалғуына алып келді. Кезінде ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынов «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»,-деп кесіп айтқан еді ғой, міне сондай дүмбілез тірлік қазақтың тілі мен ұлттығына да туған болатын сол бір тұста.

Бұл түсінікті де еді, өйткені ойшыл бабамыз мұны да «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», – деп айтып кеткен.

Тәуелсіздігіміз ғана өз ділімізді өзімізге қайтарды. Біз енді өз ұлттық танымымызды қайта тануымыз керек болды, болмысымыз дәстүр-салтымыз, ғұрпымыз бен өнеріміз, тарихи- мәдени құндылықтарымыздың бәрін қайта түгендеу керек еді. Осы тұста ұлтымыздың этнопедогогикасын қолға алды бір топ ғалымдар. Зерттеулер жүргізе отырып, рухани қазынамызды қайта жаңғыртуға күш салды бұлар. Тарихи жадымыз бен халықтық тағлым-тәрбиеміздің қайта оралуына себепші болған ғалымдар қатарында Клара Жантөреқызы да бар еді.

Халықтық педогогиканың дамуы, қалыптасуы және заман талабына орай ұлтқа қызмет етуі қажет болатын. Осы орайда өз әдістемелігі, теориясы, оқулығы бар, оқыту жүйесінің стандарттары қалыптастырылған қазақ  этнопедогогикасы жұмыс жасай бастады. Бұл ғылым өз кезегінде мектептерде, өзге де оқыту, білім беру органдарында арнайы бағдарламалы оқыту пәніне айналды. Бұл, әрине, жоғарыда айтылып өткен отандық ғалымдардың қолданбалы зерттеу жұмыстарының нәтижесі еді.

Осы ғалымдар арасында жерлесіміз, педогогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Қожахметованың жұлдызы биік болатын.

Ғалым этностық тәрбиенің ерекшеліктерін зерттейтін Қазақстандық этнопедогогикалық білімнің жаңа бағытына жол салды. 1998 жылы «Қазақ этнопедогогикасының теориялық- әдіснамалық негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, «Қазақ этнопедогогикасы: әдіснама, теория және практика» атты іргелі ғылыми еңбегі жарық көрді.

Шыңғырлау өңірі әуелден тарихқа белгілі танымалы тұлғаларға бай өлке. Торыатбас тауының баурайын қоныс қылған Ұлы Дала ойшылы- Асан Қайғыдан бастасақ, берідегі іргеден қаптаған қалың торғауыт, қазақтың берекесін кетірген Хиуа хандығы, Башқұрт әскері, тынысты буған түркпендердің сазайын берген Табын Бөкенбай баһадүр мен оның батыр ұрпақтары, мәдени мұраларымыздың көрнекті өкілдері Марабай, Көшелек жыраулар, бүгінгі «16 қыз» әнінің авторы Дәуке Шолақұлы, кешегідегі академик Лұқпан Қылышев, қазақтан шыққан тұңғыш министр Қайырғали Байғалиев, генерал Махмұд Телеғұсов, әні әлемге жеткен Қалампыр Рахимова апамыз, 41-дегі төрт батыр аталарымыз, ғалым-профессор Жамал Айтқалиқызы мен Айсұлу Тасимова апаларымыз, қазір де қалың жұртын мақтанышқа бөлеп жүрген Қайрат Темірғали, Арман Дүйсенов сынды қатарынан озған жерлестеріміз жетерлік. Осы өнегелі көштің бел ортасында Клара Жантөреқызы Қожахметова апамыз тұр.

«…Болашағыңды ойласаң- ұрпағыңды оқыт» деген қанатты қағида бар… Ел болудың алғы шарты — білім. Ұлттық руханиятың халықтық тәрбиеңмен егіз берілсе — ұрпағыңның ілгері басқаны деген сол. Білім бүгінгі уақыттың қозғаушы күші екені айтпаса да түсінікті. Ал, ұлттық тәрбие осы қағиданың ең басты бөлігі. Яғни, ұлттық рухта тәрбиеленген ұрпақ қана ұлтыңа қызмет етпек. Бұл бұлжымас аксиома!

Міне, Клара Жантөреқызы бұл бағытты ерте қолға алды, яғни, бүгінгі білімнің ұлттық рухани жағына мән берді. Осы бағытта еңбектенді. Мыңдаған мақалалар жазылып, монографиялық еңбектері жарық көрді. Жалпы білім беретін мектептерден бастап, жоғары оқу орындарына дейін қолданылып жүрген оқулықтар жазып шықты.

Аз-кем тоқталар болсақ, «Тектілік сыры», «Қазақ халқының өнегелі әдет-ғұрыптарын, салты мен дәстүрін республика мектептерінде пайдалану тәжірибесінен…», «Қыз бала тәрбиесі мен ұлт тәрбиесі егіз…», «Ұлттық мектеп қандай болуы керек? (мектептегі ұлттық тәрбиеге қойылатын талаптар)»  мақалалары ұлттық болмыстың ұлағатын ұрпақ бойына сіңірер іргелі еңбектер. Сондай-ақ, авторлық бірлестікте жарық көрген еңбектері қатарында «Түркі халықтарының тағлымдық мұралары арқылы отансүйгіштік тәрбие берудің тұжырымдамасы», «Қыздар әліппесі», «Қазақ аруы» сынды рухани болмысымыздың исі аңқыған тамаша жұмыстары бар.

«Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі: теория және практика» (1997 ж), «Сынып жетекшісі» (Алматы: «Әлем», 2000ж), «Этнопедогогика» (Атырау: 2005 ж), «Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінің І-ХІ сынып оқушыларына арналған тәрбие бағдарламасы» (Алматы, 2008ж) бүгінде оқулық кітап ретінде қолданыстағы еңбектері. Сол сияқты, оқу- танымдық бағытында да «Салауатты әдеттер» (1-4 сыныптарға арналған танымдық оқу кітапшасы), «Ұлттық мектеп қандай болуы керек? (мектептегі ұлттық тәрбиеге қойылатын талаптар), «Казахская этнопедогогика и ее роль в системе этнопедогогического образования» тақырыбында жұмыстанған.

Клара Жантөреқызының жетекшілігімен шығарылған ғылыми кітаптардың өзі бір төбе. Айталық, «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы» (10 томдық. І-Хт.т. – Алматы), «Этнопедагогика народов Казахстана» (сборник научных трудов), «Түркі халықтарының тәлімдік тәжірибесі мен педагогикалық мұраларындағы отансүйгіштік тәрбие» (Алматы, 2010), «Әлемдік педагогикалық ой-сана» (10 томдық), «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы» (10 томдық. І-Хт.т. – Алматы) кітаптары бүгінгі буын тәрбиесінде аса маңызды оқулықтар.

Біздің атап өткеніміз теңіздей мол еңбектің бірер тамшысы ғана. Клара Жантөреқызының ұлттық педогогика, халықтық тағлым тақырыбындағы мақалалары, оқулық кітаптары, баяндамалары ғылыми конференция материалдары ұшан- теңіз. Ал, ұлттың, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі білімде екенін ескерсек, бұл орасан зор еңбек.

Әрине, жерлесіміздің ұлағат жолындағы ұлы еңбегі жиі бағаланды, халық қажеті, мемлекет сұранысынан өз орнын алды. Мемлекеттік наградалар, әртүрлі ғылыми марапаттар мен мақтаулар тоқталмады. Педогогика ғылымдарының докторы, профессор атақтары да лайықты ұсынылды.

Жерлесіміздің еңбек жолындағы жылдар белесіне  көз салсақ, былай өрбиді екен:

1993ж. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен Педагогика мамандығы бойынша ДОЦЕНТ ғылыми атағы берілді. 1996 жылы Қазақстан Республикасының білім беру үздігі. 1999ж. Қазақстан Республикасының  Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрәжесі, 2000ж. Қазақстан Республикасының  Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен Педагогика мамандығы бойынша ПРОФЕССОР ғылыми атағы берілген.

2003ж. Ресей Халықаралық педагогикалық академиясының академигі (академик Международной педагогической академии России ). 2005ж. Казақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі (академик Академии педагогических наук Казахстана). 2006 жылы Ы.Алтынсарин атындағы сыйлықтың иегері.

Ал, 2009 жылы Ресей педагогикалық білім беру ғылымдарының Халықаралық академиясының академигі (академик Международной академии наук педагогического образования, МАНПО).

Бұл Қожахметова Клара Жантөреқызының қазақ мектебіне, қазақ ғылымына, жалпы педогогикаға қосқан үлесі, сіңірген еңбегін білдіреді.

Ал, біз үшін бұл үлкен мақтаныш. Шағын ғана ауданымыздан Лұқпан Қылышев және Клара Қожахметова сында екі бірдей академиктің шығуы мақтанатын жайт.

Ал, көрнекті тұлғалар әрі мақтаныш, туған жердің рухын биіктетін мәртебе және жаңа буын- жас ұрпаққа, жерлестерімізге үлгі, өнеге!

Жақсымызбен мақтанып жүрейік, жерлестер!

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау аудандық тарихи- өлкетану

 музейінің экскурсоводы